Ресейге күзетші болып жұмысқа кеткен қазақ жігіттері соғысқа жібергелі жатқанын айтып, көмек сұрайды

01.10.2026 • 15:10 Ерке ЕСЕН
Ресейге күзетші болып жұмысқа кеткен қазақ жігіттері соғысқа жібергелі жатқанын айтып, көмек сұрайды
397
Әпкесі ұсынған сурет

Әлеуметтік желіде жұмыс іздеген қазақ жастарын Ресейге алдап апарып, әрі қарай соғысқа жіберіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Мәселен, "Снежный барс" деп аталатын агенттік өкілдері сайттары мен әлеуметтік желі арқылы жоғары жалақыға күзет жұмысын ұсынып, бірнеше адамды Ресейге алдыртқан.

Агенттікке алданғандардың бірі 20 жастағы Айнабек Жалғасбекұлы. Politico.kz тілшісі Айнабектің отбасымен сөйлесіп, қазіргі жағдайы туралы білді. Әпкесі Сымбат Еркінбектің айтуынша, інісімен қасындағы тағы 8 бала Қазақстаннан көмек сұрап отыр. 

Айнабектің әпкесінің айтуынша, інісі Қазақстанда әскери борышын өтеп келгеннен кейін шетелден жұмыс іздеген.

«Інім 2006 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Қазір Шымкент қаласында тұрады. Сол жерде мектеп бітірген соң, колледжде білім алып жатқан. Алматы қаласындағы Ұлттық ұлан сапында борышын өтеп, маусым айында әскерден келді», дейді әпкесі.

Әпкесі ұсынған сурет

Жоғары жалақы төленетін жұмыс туралы оған досы айтқан. Сымбат Еркінбектің сөзінше, ата-анасы әуелі қарсы болғанымен, Айнабек ақыры оларды көндіріп, «Снежный барс» күзет агенттігі арқылы жолға шыққан.

«Ресейге 27 тамыз күні жолға шығып кеткен. Ол қазір видео жібере алмай жатыр. Ол жақта интернет дұрыс істемейді ғой. Арасында 1,2 минутқа кіріп, бізге хабарын беріп жатыр. Бір досы Ресейде жалақысы көп жұмыс бар деп айтқан екен. Солай таныстарынан сұрастырған. Содан кейін “Снежный барс” деген күзет агенттігі арқылы кеткен ғой. Агенттіктің интернетте сайттары бар. Белсенді түрде жұмыс істеп отыр. Ол агенттікке әлі де қаншама қазақ баласы алданып барып отыр. Інімнің қасында 8 қазақ бала бар екен. Барлығы да күзетші боп жұмыс істеп, жақсы айлық аламыз деп барған балалар. Күзетші болып істейміз дегенді досы айтқан, жұмысты да сол ұсынған. Негізі бұл әңгімені әскерден келгеннен кейін айтып жүрген. Ата-анасы басында қарсы болып, жібермей жүрді. Ақыры “бәленше үш жылдан бері жұмыс істеп жатыр, сенімді адамдар екен” деп анасынан сұранып кеткен», деді Сымбат Еркінбек.

Әпкесі ұсынған сурет

Әпкесі редакциямызға ұсынған аудиохабарламада Айнабек оларды кім күтіп алғанын, қандай құжаттарға қол қойғанын және содан кейін не болғанын баяндаған.

«Маған дос балам айтты.“Күзет агенттігіне кеттік, 3 млн теңге беріледі” деді. Мақұл деп кеткенбіз. Бізді жолда күтіп аламыз деді. Такси, бәріне өздері “заказ” берді. Сөйтіп шекараға кірдік, агенттік адамдары өздері күтіп алды. Смолинский деген жерге бардық. Сол жер есімде. Бізді бір үйге апарып, сол жерде жұмыс туралы түсіндірді. “Бұл күзет агенттігі, cендер балабақша, мектептерді қарайсыңдар” деді. Мақұл дедік. Сөйтіп, бізді военкоматқа апарды. Ол жерде бізге көп құжаттар беріп тастады. Орысша білмеймін. Жанымдағы дос баладан “қол қоя береміз бе” деп сұрап едім, “қоя береміз” деді. Оқығанда жоқпын, бәріне қол қойып тастадым. Қол қойғаннан кейін екі үш күннен кейін тағы бір-екі рет военкоматқа бардық. Досыма “соғысқа кетіп қалмаймыз ба” дедім. “Жоқ” деді. Анадан сұрадым, жоқ деді. Тағы бір-екі құжат әкелді, соған қол қойып бердік. Содан кейін бізге болды соғысқа барасыңдар, әйтпесе 15 жылға бас бостандығынан айырыласыңдар деген әңгіме айтып тұр. Бәріміз күзет агенттігіне алданып келгенбіз ғой. Қасымда 8 бала бар», дейді Айнабек аудиохабарламада.

Қазір отбасы онымен тұрақты байланыса алмай отыр. Әпкесінің айтуынша, соңғы сөйлескенде інісі майданға жіберу басталғанын айтып, көмекті тездетуді өтінген.

«Арасында, мүмкіндігі боп қалғанда ғана whatsapp арқылы байланысқа шығып жатыр. Өзінде байланыс болмай қалғанда, сол жердегі бір шет елдік кісінің (ұлты араб болу керек) ватсабымен шығып жатыр. Соңғы рет кеше сөйлестік. Сол сөйлескенімізде “бізді 1,2 күнде соғысқа алып кетеді. Майданға жіберу басталды. Тездетіп көмектесіңіздерші” деп жанұшыра шырылдап отырды. Қасында 8 қазақ бала бар. Олардың бәрі қайтуға көмек сұрайды. Тағы басқа балалар бар. Олар бір-бірін танымайды. Бірақ, бәрі осы Қазақстаннан барған қазақ жігіттері екен. Барлығы дәл менің інім секілді жұмыс істейміз деп алданып барған», дейді әпкесі.

Әпкесі ұсынған сурет

Айнабек туыстарына тұрған жерін де жіберген.

«Қазір олар Украинаның шекара аумағына өтіп кеткен. Луганск деген жерге жақын. Тұрған жерін жіберді бізге (местоположение). Бір апта бұрын жіберген мекен жайы бар. “Луганск. Воинская часть 58198” деген әскери бөлімді жіберді», деді Сымбат Еркінбек.

Ол жіберген геолокация туралы мәліметке қарағанда, Айнабек өзі тұратын Шымкенттен шамамен 2 500 шақырымдай жерде жүр.

ru.distance.to сайтынан скриншот

Луганск облысы Украинаның шығысында орналасқан, Ресеймен шектесетін ірі өнеркәсіп өңірі. Ресей басшылығы мен елдің Қорғаныс министрлігі облыс аумағының 100 пайызы Ресей күштерінің бақылауында екенін мәлімдеген.

Сымбат Еркінбек інісін жұмысқа шақырған адамның аудиохабарламасын да ұсынды. Өзін «Снежный барс» күзет кәсіпорнының менеджері Ринат деп таныстырған адам айына 210 мың рубль, шамамен 1,1–1,2 млн теңге жалақы уәде еткен. Баспана, күніне бес мезгіл тамақ, көлік пен елге қайту жолақысы тегін, мұсылмандарға халал ас беріледі деген.

Оның айтуынша, тәжірибе қажет емес, жұмысқа 21 күнде дайындайды. Келісімшарт кемінде бір жылға жасалып, алты ай жұмыстан кейін бір ай демалыс, одан соң тағы бес ай жұмыс қарастырылған. Сонымен қатар ТЖМ тарапынан 3 млн рубль, шамамен 16 млн теңге өтемақы берілетінін, жылына 25–30 млн теңге табуға болатынын айтқан.

«Жоқ, жоқ, жоқ, бауырым, бізге келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қажет емес», деген ол.

Ринаттың сөзінше, жұмыс мектеп, балабақша, колледж, сауда орталығы мен қойма күзетуге байланысты. Қауіпті нысандарды тек ресейлік әскери қызметшілер күзететінін айтып, келісімшарт аяқталғанда үйге қайтуға немесе жұмысты жалғастыруға болатынына сендірген.

Ал «Снежный барс» сайтында компанияның заңды мекенжайы Луганскіден 5 мың шақырымнан астам жердегі Чита қаласында, Ресейдің Байкал сыртындағы өлкесінде орналасқаны көрсетілген. Қызметкерлерді Украинаның Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарындағы қоймаларды күзетуге шақырады.

Сайтта 18 жастан асқандар қабылданатыны, негізгі айлық 200 мың рубльден басталып, жұмыс кемінде 12 айға созылатыны жазылған. Лицензиясы бар күзет ұйымымен ресми келісімшарт ұсынылады. Міндеттері: адамдардың, көліктер мен мүліктің кіріп-шығуын тіркеп, аумақты бақылау, байланыс пен дабыл жүйелерін тексеру және оқиғалар туралы жауапты қызметтерге хабарлау.

Айнабектің отбасы қазір оны елге қайтарудың жолын іздеп отыр. Сымбат Еркінбек тілшімізбен сөйлескен кезде мемлекеттік органдарға жазған өтініштеріне әлі жауап алмағанын айтты.

«Бүгін Сыртқы істер министрлігіне, елшілікке, барлық жерге жаздық. Бірақ, әзірге құзырлы органдардан ешқандай жауап болып жатқан жоқ. Барынша ертерек көмектессе деген ниеттеміз. Қазір інім “соғысқа бармаймын, алып кетіп жатса, қашамын” деп жатыр. Бірақ, анасы да бізде қашпа дедік. Себебі, естуімізше, қашамын деп ниеттенген бір баланы аяғынан атқан екен. Сондықтан, “қашпа, мемлекет көмектеседі” деп, Қазақстаннан үміт күтіп отырмыз. Мемлекет қана інімізді сол жерден аман-есен алып шыға алатын шығар. Өкінішке қарай, бізде уақыт өте тығыз болып тұр. Әр сағат сайын уақыт жоғалтып жатырмыз. Қазір ол жақта не болып жатқанын білмейміз. Кеше соңғы рет түскі уақытта сөйлескенбіз. Енді, тек қана Құдайдан тілеп, содан кейін мемлекеттен, БАҚ өкілдерінен көмек сұраймыз», дейді әпкесі.

Әпкесі ұсынған сурет

Politico.kz осы жағдайға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады. Министрлік Ресей тарапымен жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді.

«Бұл мәселе бойынша Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданды. Ресей тарапымен тиісті жұмыс жалғасуда. Жұмысымыздң нәтижелері бойынша қосымша хабарлаймыз», деп жауап берді ведомство.

Әпкесі ұсынған сурет

Әпкесінің айтуынша, Айнабек теміржол саласында еңбек етуді жоспарлаған.

«Ол теміржол саласында білім алып жатқан. Сол сала бойынша жұмыс істегісі келетін. Алдына қойған арман-мақсаты бар, болашағына деген үміті зор жігіт еді. Өз еркімен әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеп келді. Қазір, тек өзіне емес, қасындағы барлық балаға араша сұрайды. Олардың бәрі қорқып отыр», дейді Сымбат Еркінбек.

Войдите, чтобы оставить комментарий