Ресейлік саясаттанушы Ильхам Әлиевтің Путинді қалай «лақтырып кеткенін» айтты

22.12.2025 15:36 Арман Ермеков Арман Ермеков
Ресейлік саясаттанушы Ильхам Әлиевтің Путинді қалай «лақтырып кеткенін» айтты
0
625
Фото коллаж: Politico.kz

Ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Санкт-Петербургке барудан кенеттен бас тартуының астарында не жатқанына талдау жасады. Сарапшының пікірінше бұл қадам Кремль мен Баку арасындағы шешілмеген түйіткілдердің салдары болуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.

Ильхам Әлиев 22 желтоқсан күні өтетін ТМД-ның дәстүрлі бейресми саммитіне қатысудан соңғы сәтте бас тартты. Әзербайжан президентінің әкімшілігі мұны мемлекет басшысының тығыз жұмыс кестесімен түсіндірді. Алайда оқиғадан бір күн бұрын ғана Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Әлиевтің келетінін және Владимир Путинмен жеке кездесу жоспарланғанын хабарлаған еді.

«Сол күні Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жиынында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтты. Пашинян екі ел арасында сауданың басталғанына ризашылығын білдірді. Өйткені жақында Әзербайжанның мұнай өнімдері тиелген алғашқы пойыз құрамы Арменияға жеткен еді. Осы оқиғалардан кейін Питерде Әлиев пен Пашинян кездеседі, тіпті оларға Путин де қосылып, үшеуі сөйлеседі деген үміт болған...

Бірақ Ильхам Гейдарович күтпеген жерден бетін қайтарып тастады. Путиннің өзіне салсақ (ол Батыс басшыларының өзін алдап кеткенін сипаттағанда қолданатын сөзімен айтқанда), Әлиев оны лақтырып кетті.

Менің жеке пікірімше, Әлиевтің Питерге барудан және Путинмен жоспарланған кездесуден бас тартуының бір себебі бар: Баку Кремльдің Әзербайжан үшін тиімді бітімге келуге дайын емес екенін түсінді. Бұл бітім екі ел арасындағы терең дағдарысты шешуі тиіс еді. Ал бұл дағдарыс тура бір жыл бұрын, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Шешенстан аспанында Әзербайжанның «AZAL» әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін басталған болатын.

Кешегі жазбамда мен Путин мен Әлиевтің кездесуі осы ТМД саммитінің басты оқиғасы болады деп жазған едім. Бірақ ол кездесу енді болмайды...

Ал Әзербайжан президентінің ТМД-дағы басқа әріптестерімен кездесуіне келсек, Әлиев әкімшілігі олармен жақында ғана, 9-10 қазанда Душанбедегі саммитте сөйлескені жеткілікті екенін, ол кездесулердің «нәтижелі болғанын» сыпайы ғана аңғартты.

Меніңше, өте сыпайы жауап», — деп жазды Аркадий Дубнов.

Еске салайық қазіргі уақытта Санкт-Петербург қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда. Сонымен қатар саммитте Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь басшысы Александр Лукашенко және Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бас қосты. Сондай-ақ жиынға Индонезия мен Иран және Куба өкілдері де келген.

 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий