«Рейсте жолаушы көз жұмды: Мюнхеннен Бейжіңге бағыт алған ұшақ Алматыға шұғыл қонды
Мюнхен-Бейжің бағытындағы Lufthansa ұшағы борттағы төтенше жағдайға байланысты Алматыға шұғыл қонды, деп хабарлайды Politico.kz
Қайғылы оқиға 26 желтоқсанда болған. Әуе кемесінің экипажы Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қонған. Рейсте жолаушы көз жұмған. Қазақстанның авиация әкімшілігі жағдайға қатысты түсінік берді.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, ұшып бара жатқан жолаушы өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған.
«Экипаж мүшелері Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қонуға шешім қабылдады. Әуежайдың медициналық қызметі мен қалалық жедел жәрдем бригадасы ұшаққа тез арада жіберілді», - делінген хабарламада.
Келіп жеткен медицина қызметкерлері жолаушының ұшу кезінде көз жұмғанын анықтады. Ұшақ Алматыда жанармай құйып алып, сағат 7:56-да баратын әуежайына ұшып кетті.
Көліктегі полиция департаменті марқұмның шетел азаматы болғанын айтады.
«Бұл факті бойынша Алматы қаласының әуежайында полицияның желілік бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Өлімнің алдын – ала себебі-жедел жүрек жеткіліксіздігі. Кенеттен қайтыс болған адам шет мемлекеттің азаматы», - дейді полициядағылар.
Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.
Соңғы жаңалықтар