Рөлде мас полицей болды: Жол апатында жақындарынан айырылған туыстары істің жылы жабылуынан қауіптенеді
Алматы–Қорғас тасжолында үш адамның өмірін қиған жол апатына мас күйдегі полиция қызметкері себепші болуы мүмкін. Бұл туралы қаза болғандардың туысымен тілдескен «Kursiv Media» хабарлайды.
Қайғылы оқиға 23 маусымда Алматы–Шелек–Қорғас автожолының 132-шақырымында болған. Қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен Haval көлігі Audi 100 машинасымен соқтығысып, салдарынан жүргізуші, оның жұбайы мен 20 жастағы қызы оқиға орнында тіл тарпай кетті. Ал көлікте болған 14 және 18 жастағы екі бала мен он айлық сәби түрлі жарақатпен Шелек аудандық ауруханасына жатқызылып, марқұмдар 24 маусым күні жер қойнауына тапсырылған.
"Ол менің немере әпкем еді. Көлікте әпкеммен бірге күйеуі, балалары және немересі болған. Біз болған жағдайды 23-і күні түнде естідік, кейін олардың денесін моргке апарды. Таңертең ағам денелерін әкеліп, жерледік", — деді марқұмның туысы Гүлзана Тұрдыиева.
Жетім қалған балалар қазір дәрігерлердің бақылауында жатыр.
"Ініміз (14 жастағы ұл – ред.) әлі ешнәрседен хабары жоқ, оның қолына телефон бермейміз. Ал қызына бүгін таңертең ғана айттық. Үшеуі де жарақат алған", — дейді туысы.
Зардап шеккендердің жақындары апатқа себепкер болған Haval көлігінде төрт адам болғанын және рөлдегі 37 жастағы азаматтың погон таққан қызметкер екенін алға тартып отыр. Ол да ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түскен, ал жақында ата-анасы келіп, марқұмдардың отбасынан кешірім сұраған.
"Сол жерде апат болған кезде жергілікті тұрғындар келіп, машиналардағы адамдарды шығаруға көмектескен. Солар Haval-да төрт адам отырғанын айтты. Рөлде Абылай есімді адам отырған, полиция қызметкері дейді. Ол Шелек аудандық полициясында жұмыс істейді екен, нақты лауазымын білмедім. Оның жанында отырған адам мас екенін, ішіп көлікке отырғанын да айтты. Оны сол апат орнына келген полицей қызметкері тіркеп, протоколға түсіру керек еді", — дейді ол.
Оқиғадан кейін Алматы облыстық полициясы күдіктінің ұсталғаны туралы ақпарат таратқанымен, жәбірленуші тарап тергеу барысына күмәнмен қарап отыр.
"Бұған дейін Алматы облыстық полициясының парақшасында апат туралы ақпарат шықты, күдікті ұсталды деген. Сол жағы түсініксіз, себебі бізге рөлде болған азамат та ауруханаға түсті деген. Әлі қандай бап бойынша іс қозғалғанын да білмейміз, қолымызға еш қағаз жіберген жоқ", — дейді Гүлзана Тұрдыиева.
Сонымен қатар жақындары ресми мәлімдемелерде маңызды деректердің жасырылып қалуынан қауіптенеді.
"Ресми хабарламада көлікте отырғандардың бірінің полиция қызметкері екені, оның мас болғаны да айтылмайды. Осыған уайымдап отырмыз. Оның үстіне ол (Haval – ред.) аяқ асты қарама-қарсы бетке шыға салған жоқ. Куәгерлердің сөзінше, ұзақ уақыт бойы қарама-қарсы бағытта жүрген, бұрыла берген сәттің бірінде жездеміздің көлігімен соқтығысқан. Енді апат қалай болғанын дәл анықтау үшін сол күні Алматы-Қорғас тас жолында жүрген жүргізушілердің видеокамераларынан бейнежазбалар сұрап жатырмыз", — деді марқұмның туысы.
Аталған айыптауларға қатысты Алматы облыстық полиция департаментінің өкілдері қазіргі уақытта тергеу жүріп жатқанын алға тартып, Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайтынын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар