Рудныйда полиция мен жасөспірім арасындағы кикілжіңге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қостанай облыстық полиция департаменті Рудный қаласында тәртіп сақшылары мен кәмелетке толмаған бала арасындағы кикілжіңге қатысты қылмыстық істер қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде патрульдік полиция қызметкерлерінің жасөспірімге күш қолданып, қарға құлатып және сүйреп әкеткен бейнежазбасы тараған болатын. Жасөспірімнің анасы тәртіп сақшылары алғашында тек хаттама толтыруға келіскенімен, кейін мотоциклді айыптұрағына әкетпек болып, ұлына қарсы күш қолданғанын алға тартқан.
Politico.kz редакциясының сауалына жауап берген құзырлы орган бұл оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, жасөспірім көлік басқару құқығынсыз және мемлекеттік нөмірі жоқ мотоцикл айдаған.
«Ол полиция қызметкерлеріне бағынбай, балағат сөздер айтты және қызметтік міндетін атқарып жүрген билік өкіліне дене жарақатын келтірді. Бұл фактілер кеудеге тағатын бейнетіркегіштерге түсіп қалған», – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта құқық бұзушы ұсталып, оның көлігі арнайы тұраққа қойылған. Тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр және бұл істің барысы қатаң бақылауға алынған.
Соңғы жаңалықтар