«Тірі қалғандарың өкінішті»: Ашаршылықты келемеждеген әйелдің үстінен ҰҚК-ге арыз түсті
Ашаршылық туралы жазған пікірі үшін айыппұл арқалаған Рудный тұрғыны Инна Александровна Кондратовичтің мәселесі мұнымен бітпейтін түрі бар. Енді құқық қорғаушылар оның әрекетін қылмыстық заң бойынша тексеруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
«Қостанай облысының құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігі 8 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының атына өтініш жолдады. Ұйым Иннаның әрекетін Қылмыстық кодекстің 174-бабы, яғни ұлттық алауыздықты қоздыру және ұлттық ар-намысты қорлау белгілері бойынша тексеруді сұрайды.
Әңгіме 25 қазанда TikTok желісінде жарияланған пікірге қатысты. Инна «Ашаршылық» туралы бейненің астына «Жаль что вы выжили» деп жазған. 6 қарашада Рудный қаласының соты оны кінәлі деп танып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы 3-1-бөлігі (құқыққа қайшы контентті орналастыру және тарату) бойынша 86 500 теңге айыппұл салған.
Құқық қорғаушылар арызында бұл сөздің неліктен жай ғана дөрекі пікір емес, тұтас халықтың ұлттық ар-намысына тиетін мәлімдеме екенін түсіндірген.
Ұйым америкалық тарихшы Сара Кэмеронның зерттеулеріне сүйеніп, 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың басындағы Ашаршылықтан шамамен 1,5 миллион адамның қаза тапқанын еске салады. Күштеп ұжымдастыру, мал мен азық-түлікті тартып алу қазақ халқын жаппай аштыққа ұшыратып, елдің демографиялық жағдайына ауыр соққы болған.
«Ашаршылық жағдайында "тірі қалғандар" деген сөздің нақты мағынасы бар. Олар – жаппай аштық пен қырғыннан аман өткен адамдар. Сондықтан олардың аман қалғанына өкіну – адам өмірінің сақталғанын теріс бағалау», – делінген арызда.
Құқық қорғаушылардың түсіндіруінше, Ашаршылық туралы бейненің астына жазылған «Тірі қалғандарың өкінішті» деген сөз сол зұлматтан аман өткендердің де қырылып қалмағанына өкінгендей қабылданады.
«Мұндай пікір тарихи тұлғалардың әрекетіне де, пікірталасқа қатысушылардың саяси көзқарасына да бағытталмаған. Теріс баға тікелей аштық құрбандарының аман қалғанына беріліп отыр. Бұл тірі қалғандар мен олардың ұрпақтарының қадір-қасиетін қорлайды, қаза тапқандардың рухына деген құрметті жоққа шығарады және қазақ халқының ұлттық ар-намысына тиеді», – деп есептейді ұйым.
Арызда тағы бір маңызды жайт айтылған. Инна өз пікірінде белгілі бір ұлттың атын атамағанымен, бұл сөздің ұлттық астары жоқ дегенді білдірмейді. Өйткені пікірдің кімге бағытталғанын түсіну үшін оның қай жерде, қандай бейненің астына жазылғанын да ескеру керек.
Инна сотта бұл сөзді қазақ халқына емес, өзіне ұнамаған пікір қалдырған басқа адамға арнағанын айтқан. Алайда сот оның жазбасы ешкімнің пікіріне жауап ретінде жарияланбағанын анықтады.
Құқық қорғаушылар ҰҚК-ден Иннаның бұрынғы жарияланымдарын да тексеруді сұрайды. Ұйымның айтуынша, ол бұған дейін қандастарға қатысты пікірлерімен және Рудныйдағы кеңестік атауы сақталған көшелердің атын өзгертуге қарсылығымен қоғамдық дау тудырған.
Бірлестік ҰҚК-ден Иннаның 25 қазандағы пікіріне Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша құқықтық баға беріп, тиісті негіздер анықталса, сотқа дейінгі тергеуді бастауды сұраған.
Айта кетейік, бұған дейін блогер Диас Құзайыр да осы оқиғаға байланысты құқық қорғау органдарына арыз жазғанын хабарлаған еді.
Соңғы жаңалықтар