Сәбидің өлімін көршілер чатынан білген: Астанадағы оқиға туралы тұрғындар не айтты

15.09.2026 12:04 Қарақат АСЫЛОВА
Сәбидің өлімін көршілер чатынан білген: Астанадағы оқиға туралы тұрғындар не айтты
348
ЖИ арқылы жасалған сурет

Астанада әйел мен 2 жасар бала қаза тапқан үйдің тұрғындары оқиға кезінде не көріп, не естігенін айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

Осы үйде тұратын Кенжекүл сол сәтте баланы жұбатып отырғанын, ал қызы үй жинап жатқанын айтты. Әйелдің айқайын естігенімен, не болғанын бірден түсінбеген.

«Мына баланы жұбатып отырғанмын. Қызым үй жинап жатқан. Бір уақытта «ааа» деп шыңғырған әйел адамның дауысы естілді. Бірақ енді қатты үлкен емес, қыздың ба, келіншектің бе дауысы. Мен оны мән беріп, бүйтіп ойлаған жоқпын. Содан кейін бір уақыттан кейін қызым жүгіріп барып, ойбай мама, мына жақта авария болды ма деп терезеге қарады», – деді Астана тұрғыны Кенжекүл.

Сол кезде төменде үлкен баласын үйірмеге қалдырып, кішісін арбаға салған ана кетіп бара жатқан. Ол күнде жүретін жолындағы қоқысқа еңкейіп, басын көтергенше, биіктен құлаған әйел баласының арбасына түскен.

Үйдің тағы бір тұрғыны Әсел Пернеханова баланың қаза болғанын бірден білмегенін жеткізді.

«Біз басында сәбидің көз жұмғанын естіген жоқпыз. Кейін көршілер чатқа жазғанда ғана білдік. Өте ауыр қайғы. Ал секірген әйел жалғыз тұратын секілді. Қасында ешкім болмаған. Қайғылы оқиғадан соң да мұнда ешкім келмеді», – деді Астана тұрғыны Әсел Пернеханова.

Бұған дейін хабарланғандай, сенбі күні 27 жастағы әйел 15-қабаттан құлап, төмендегі арбада отырған 2 жасар баламен бірге оқиға орнында көз жұмған. Оқиға орнында қан іздері қалған.

Әлеуметтік желіде әйелдің жалдамалы пәтерге келген сәті түсірілген бейнежазба тараған. Кадрда оның бірнеше ауыр сөмкесін таңғы сағат 4:36-да ішке тасып жүргені көрінеді.

Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Елдар Қасеновтің айтуынша, әйел сағат 6:30 шамасында дүкенге барып келген, содан кейін пәтерден шықпаған.

«Ол кісі суточно арендовать еткен. Біздің білгенімізше. Камерадан қарадық. Жалғыз өзі болды. Ешкім кірген жоқ. Ал не болғанын, қалай болғаны ол белгісіз. 10-нан жиырма кеткенде. Бірінші мына осы көрші үйдің кісілері видеоға түсіріп алған подоконникте отырғанын түсіріп алғанда, содан кейін не успели ни че сделать. Ештеңе үлгермей қалған», – деді МИБ төрағасы Елдар Қасенов.

Әйелдің бұл әрекетке не себепті барғаны белгісіз. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған, тергеушілер тиісті тексерулер жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий