"Сәбиім пойызда шетінеп кетті". Қазақстандық өзінің екінші әйел екенін білмеген
Гүлзира есімді қазақстандық әйел өзінің екінші әйел екенін мүлде білмей, ақ некесін қидырғанын айтты. Кейін белгілі болғандай, күйеуінің заңды жұбайы мен үш перзенті бар болып шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол Айнұр Асанбердінің «Әңгіме бар» подкастында айтты.
«Бұл менің екінші жолдасым еді. Ол кісі мені көргеннен ұнатыпты. Жасы өзімнен әжептәуір үлкен болатын. Менде ана бірінші алған соққым бар, өң мен түстің ортасында қалғандай едім. «Келін болдым ба, болмадым ба? Ененің үйіндегі жағдайлар, түсінбеушіліктер...» — бәрі есіме түсетін. «Қайтадан біреудің үйіне барып келін болып, сәлем салып, бір балам барда қайтадан олай ете алмаймын» деп ойлап, соның да ықпалы болды ма екен деймін. Өмірімде кездескен осы екінші ер азамат маған сезімін білдірді. «Ешнәрсеге мұқтаж болмайсың, балаңды өзімнің баламдай көремін, маған тұрмысқа шық. Мен бірінші отбасыммен ажырасқанмын» деді. Мен де: «Тағдырласым шығар, неге бағымды сынап көрмеске?» деп ойладым. Расымен де, қазір барып біреудің үйленген баласына немесе басқа біреуге тұрмысқа шықпаймын ғой. «Өзімнің тағдырласым, өмірімді түсініп тұр, ешнәрседен мұқтаждық көрмейсің» деп тұр. Енді базарда жүріп күннің ыстығында, жауынында, боранында тамақ сатпаймын. Оның арасында жүгіріп келіп, базардың терін сүртіп, әдемі киініп алып, филармонияға шығамын. Бұл өмірдің бәрі ұмытылады. Мынау кәдімгідей қалыптасқан бизнесмен екен, осы кісіге тұрмысқа шықсам шығайын деп шештім», — деді әйел.
Ол құдалыққа ер азаматтың туыстары қатысқанын атап өтті. Сонымен бірге Гүлзира бұрынғы сәтсіз некесінен соң, күйеуінің өзге жақындарымен танысуға ұмтылмағанын айтты.
« Ол кісі маған: «Ата-анаңа кәдімгідей құда жіберіп, үйленейік» деді. Расымен де бүкіл ауыл, ағайын-туыс құдалыққа куә болды. Құда жіберіп, қалың мал беріп, қазақша «өлі-тірісін» жіберіп, содан кейін қазақша некемізді қидырдық. Ол кезде мен біреуге екінші әйел болып жатырмын деген ой мүлдем басыма келмеген еді, Құдай куә. Ол кісі мені «туыстарым» деп бір адамдармен таныстырды, олар құдалыққа келген кісілер еді. Сосын: «Уақыт өте келе қалғандарымен де танысасың» деді. Мен де оған: «Туыстарыңмен танысайын, үйіңе барайын» деп қысым жасамадым. Өйткені ана жақтан алған соққымнан кейін маған ол маңызды емес еді. Маған жанымның тыныштығы, балама қарап, екі ортада шаршағанымды басатын тыныш өмір керек болды», — деді Гүлзира.
Сонымен бірге ол сөзінде екінші күйеуінің өзіне қандай қамқорлық танытып, сеніміне қалай кіргенін және жүрегін қалай баурап алғанын баяндады.
«Одан кейін ол кісі маған қымбат сыйлықтар жасап, мен көрмеген дүниелерді көрсетті. Төртінші қабатта тұратынмын, базарға шығайын деп жатқанда, төртінші қабаттан бірінші қабатқа дейін гүл толтырып тастайтын. Мен бақыттан басым айналып, өмірімде бірінші рет ол кісіден бриллиант алдым. Сүйтіп жүріп көлік сыйлады. Өмірімде бақыттан басым айналып: «Өмір деген осы екен ғой, мен жұмыс істемей-ақ жүре береді екенмін ғой» деп ойладым. Содан маған: «Егер үйленетін болсақ, мен саған Астанадан үй алып беремін, көшесің. Ары қарай маған әйел боласың, Таразды ұмытасың. Тараздағы әнші-бишілердің ортасын, тамадаларды ұмытып, бәрінен кетесің» деді. Маған да сол керек еді. Астана ол кезде жаңадан құрылып жатқан еді. Өмірім бір ертегіге айналғандай болды. Жасым 20-да болса да, құндыз ішік кимеген едім, маған құндыз ішік, бриллиант сыйлады. Сонымен баламды алып, бір күннің, бір түннің ішінде Астанаға көшіп кеттім. Мен анама қалай айтарымды білмей, анамның әпкесіне айтқан едім. Сол кісі анама жеткізіпті. Анам: «Тандауы сол болса, онда құдалығын жасап, құда түссін» депті. Сонымен құдаларды қабылдадық», — деп бөлісті Гүлзира есімді әйел.
Сондай-ақ келіншек ауыр күйзелісте жүрген шағында екі айлық нәрестесінен айырылып қалғанын, күйеуінің бірінші әйелімен қалай танысқанын баяндады.
«Мен расымен де өзіммен тағдырлас, ақыл тоқтатқан адамға тұрмысқа шығып жатырмын, ары қарай біреудің әйелі боламын, баламды өзінің баласындай қабылдап жатыр, бақытты отбасы боламыз деген оймен кеттім. Тіпті Тараздан шыққанда үйіме де соқпай, Астанаға тарттым. Бір түннің ішінде Астанаға келдік. Астанада екі бөлмелі үй дайын тұр екен, сол үйдің отанасы болып шыға келдім. Бастапқы уақыттарда бірге тұрдық, балам бар, ештеңеден тарықпадым. Ана жақтағыдай таңнан тұрып, базарға барып, түнге дейін есеп беріп, ертеңгі дайындықты ойлап, оған қоса филармонияның жүргізушілік сценарийін жаттап, сахнаға қалай шығатынымды ойлап жүрген уақыттар артта қалды. Соның бәрінен арылып, әдемі де күшті өмірім басталып кетті. Астанаға келген кезде аяғым ауыр екен. Бұл 2009 жыл еді. «Болды, ары қарай бала туамын» деп жүргенімде, жүктіліктің 6-айынан асқанда ол келіп-кететінді шығарды. Басында 4-5 ай кәдімгідей толыққанды күйеуім болып жүрді де, кейін келіп-кететін болды. «Мен жұмысқа баруым керек. Саған не керек? Ішіп-жеуің дайын, үйің бар» деп жағдайымды жасап, жүргізуші берді. Одан кейін «Жалғызсырама» деп үйге көмекші тапты. Жүктілігімнің 6-шы айында хабарласып: «Сен Алматыға ұш, ұшаққа билет алдым. Мен де Алматыға бара жатырмын, бір аптадай сонда боламын» деді. Сонымен Алматыға ұшып келдім. Алайда ұшақта ұшуды көтере алмай, суым келді де, әуежайдан дәрігерлер қарсы алып, роддомға жеткізді. Осылайша 7 айлық қызымды босанып алдым. Қызым босанғаннан кейін перзентханада бір ай жаттық. Бала реанимацияда жатты, өкпесі толық жетілмеген еді. Менің денсаулығым дұрыс, тек бала үшін перзентханада жатырмын. Содан күйеуімді іздеймін, ол Қарағандыға кетіп қалыпты. Күн демей, түн демей жазамын: «Мұнда баланың аман қалары белгісіз болып жатыр, мен қиналып кеттім, қайда жүрсің?» деймін.
Түн жарымында оның телефонынан бір әйел хабарласып:
— Сен кімсің? Менің күйеуіме неге түнде хабарласасың? — деді.
— Кешіріңіз, мен өзімнің күйеуіме жазып жатырмын, — дедім.
— Жоқ, сен менің күйеуіме жазып жатырсың!
— Сіздің күйеуіңіз кім?
— Осы кісі.
— Менің де күйеуім осы кісі.
Солай әңгіме басталды. Өзім жаңадан босанғанмын, бала реанимацияда жатыр. Ол маған қосымша соққы болды. Босанғаннан кейінгі депрессия ма, айта алмаймын, бақытты ертегі өмірімнің барлығы жуылып-шайылды. Қайда қалғанымды, кім екенімді, не болып жатқанын түсінбей қалдым. Жасым болса бары-жоғы 21-22-де. Ол маған кезінде «ажырасқанмын» деген еді. Тек: «Қазір заңды түрде тіркеле алмаймыз, ажырасу туралы құжаттарым әлі дайын емес, мешітте некемізді қидырайық» деген болатын. Аурухананың коридорына шығып алып бақырып жылаймын. Ана әйел болса: «Ол — менің күйеуім, 3 баламыз бар. Қазір жанымда ұйықтап жатыр» дейді. Ол кезде бейнеқоңырау сияқты нәрселер дамымаған. Ол әйел маған бәрін айтып жатыр, мен оған айтып жатырмын. Бір-бірімізді сұрақтың астына алдық. Сонымен, ол расымен де біреудің заңды күйеуі болып шықты. Ажыраспаған екен. Ол кезде араларында сәл түсінбеушілік болған екен. Маған айтқан «періштедей» өмірінің бәрі өтірік болып шықты. Осылайша, мен біреудің шариғат бойынша некесі қиылған, құда түсіп, «өлі-тірісін» беріп алған екінші әйелі болып шықтым», — деп ағынан жарылды келіншек.
Гүлзира осы оқиғадан кейін анасымен бірге Астанаға кетіп бара жатқанда жолда екі айлық қызы шетінеп кетеді.
Соңғы жаңалықтар