Зеленскийден күтпеген мәлімдеме: Путинмен кездесуге дайын
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путин желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысатын болса, онымен кездесуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Зеленский бұл туралы Deutsche Welle тілшісінің сұрағына жауап берген. Оның айтуынша, тараптар кездесіп, сөйлесіп, нақты шешімдер қабылдауы керек.
«Әрине. Біз баруымыз керек. Біз кездесіп, сөйлесіп, шешім қабылдауымыз керек», – деді Украина президенті.
Зеленский Путинмен ықтимал кездесуде айтылатын сөздерден гөрі, оның нақты нәтижесі маңызды екенін атап өтті.
«Мәселе сөздерде емес. Мен оған не айтамын немесе оның маған не айтқысы келетіні маңызды емес. Ең бастысы – нәтиже», – деді ол.
Айта кетейік, Владимир Зеленский мен Владимир Путин Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы басталған 2022 жылдың ақпанынан бері жеке кездескен жоқ. Кремль әзірге Путиннің Майамидегі G20 саммитіне қатысу-қатыспауы туралы нақты ақпарат берген жоқ. Ресей президенті G20 саммиттеріне соңғы рет 2019 жылы жеке қатысқан.
Соңғы жаңалықтар