Санжар Керімбай: Қазақстанда жалғыз феминисті мойындаймын, ол – мен

24.07.2026 16:06 Томирис САҒЫНДЫҚ
Санжар Керімбай: Қазақстанда жалғыз феминисті мойындаймын, ол – мен
50
Фото: видеодан скриншот

Жазушы әрі публицист Санжар Керімбай өзін неліктен феминист санайтынын түсіндіріп, ер-азаматтардың көкірегін ояту, оларды білім мен мәдениетке баулу жолында атқарып жатқан жұмыстарын әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Ұлт» порталына берген сұқбатында айтты.

«Мен бірде: «Қазақстанда мен тек бір-ақ феминисті мойындаймын, басқасын кәсіби тұрғыда қабылдай алмаймын», – дедім. Таңғалып: «Кім ол?» деп сұрады, «Менмін. Қарасаңдаршы, мен ұл балаларды барынша сауатты етіп оқытуға, олардың көзін ашуға, кітап оқуға баулып, мәдениетті бойларына сіңіруге қолымнан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Неғұрлым ұлдарды мәрт, білімді, әдепті де парасатты, өнерлі әрі отбасын асырай алатын азамат етіп өсірсек, оларға тұрмысқа шыққан қыздар да автоматты түрде бақытты болады», – деп жауап бердім», – деді Санжар Керімбай.

Сондай-ақ ол зорлық-зомбылық мәселесін тек заңмен шектеуден бұрын, оның алдын алу шараларын күшейту мен тәрбиеге басымдық беру қажеттігін баса айтты.

«Ал қазіргі күрес жолына қарасаң: қай еркекті қорқытып-үркітіп, қайсысын 15 тәулікке қамап немесе соттап тауысасың? Мәселені тек заңмен шешу мүмкін емес. Бұның бәрі — терең ғылыммен, біліммен және игі тәрбиемен атқарылатын метафизикалық дүние. Оның өзіндік маманданған негіздері бар. Егер құр айғайға сүйеніп, қыздарға тіл тигізіп, қол көтергендердің бәрін апарып қамай беретін болсақ, бұл қоғам бір күні жарылады. Ондай жолмен тек түрмелерді толтырғаннан басқа нәтиже шықпайды», — деді жазушы.

Войдите, чтобы оставить комментарий