Сарапшылар: Қазақстанның салық жүйесі Өзбекстаннан әлдеқайда тиімді

04.06.2026 12:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Сарапшылар: Қазақстанның салық жүйесі Өзбекстаннан әлдеқайда тиімді
77
Фото: Максим Золотухин
Қазақстанның салық жүйесі неге Өзбекстаннан әлдеқайда тиімді екені белгілі болды.

Отандық сарапшылар мен экономистер Қазақстан мен Өзбекстанның салық жүйесін салыстырып, еліміздегі бизнеске жасалған жағдай көршілерге қарағанда әлдеқайда тиімді әрі түсінікті екенін анықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жақында Өзбекстан президенті шағын бизнеске қолайлы жағдай жасау туралы жаңа қаулыға қол қойғанымен, нақты сандар бұл елдің біздің нарықтан әлі де едәуір артта келе жатқанын көрсетеді.

Мәселен көрші мемлекетте кәсіпкерлердің жалпы салық режиміне өту шегі бес есеге өсіп, шамамен 200 млн теңгеге жеткен. Алайда Қазақстанда бұл көрсеткіш биылғы жылдың басынан бері 2,6 млрд теңгені құрап отыр және бұл Өзбекстанмен салыстырғанда 13 есеге көп әрі қосылған құн салығы мен әлеуметтік салықтан толық босатылған.

Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша қазақстандықтар арасында салықтың көптігі туралы жиі айтылғанымен, іс жүзінде біздің ел шағын бизнес үшін нағыз салық жұмағы болып саналады.

«Біздегі салық мөлшерлемесі төмен, төлемдер жылдам әрі тиімді жүреді, ал әкімшілік қысым көршілерге қарағанда әлдеқайда аз», — деді сарапшы.

Оның мәліметінше Өзбекстанда қоғамдық тамақтандыру мен сауда саласындағы шағын бизнеске арналған оңайлатылған салық 6 пайыз болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 пайызды құрайды және оны жергілікті мәслихаттардың шешімімен 2 пайызға дейін төмендетуге толық мүмкіндік бар.

Бұдан бөлек QZ Economy талдаушылары салықты әкімшілендіру мен цифрландыру мәселесінде де Қазақстанның оқ бойы озық тұрғанын алға тартады. Өзбекстанда кәсіпкерлердің банк шоттарын бұғаттан шығаруды автоматтандыру мен тексерістерді азайту енді ғана қолға алынып жатса, елімізде мұндай жүйе он жылдан астам уақыт бойы сәтті жұмыс істеп келеді. Қазақстанда шоттар бір жұмыс күні ішінде бұғаттан босатылады, ал шағын бизнес өкілдерін тексеруге 2026 жылға дейін «Таза парақ» бағдарламасы аясында толықтай мораторий жарияланған.

Сарапшылар көрші елдер оңайлатылған жүйені енді ғана бастап, бизнесті бөлшектеумен күресіп жатқанда, Қазақстан әлдеқашан электронды шот-фактуралар мен цифрлық бақылау кезеңіне өтіп кеткенін баса айтады.

«Біздің проблемамыз салықта емес, ол бізде өте төмен, объективті тұрғыдан алғанда Орталық Азия мен ТМД кеңістігінде бизнес жүргізу үшін ең қолайлы әрі жеңіл жағдай біздің елде жасалған», — деді Айдархан Құсайынов.

Войдите, чтобы оставить комментарий