Сәуле Базарханның қызы анасының өліміне қатысты мәлімдеме жасады
Алматыдағы жекеменшік клиникада көз жұмған Сәуле Базарханның қызы әлеуметтік желіде жазба жариялап, анасының өліміне қатысты бірқатар сұрақ көтерді. Оның айтуынша, қарапайым липосакция отасы отбасы үшін орны толмас қайғыға айналған, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның қызының сөзінше, 15 мамыр күні 53 жастағы Сәуле Ермаханова Smart Beauty Clinic клиникасында жоспарлы отаға түскен. Дәрігерлер операция 1-1,5 сағатқа ғана созылады деп айтқан. Алайда туыстары бірнеше сағат бойы ешқандай ақпарат ала алмаған.
«Бір сағат өтті. Артынша екі, үш сағат өтті. Бізге ештеңе айтпады. Анамыздың қайтыс болғанын тек кешкі алты шамасында естідік», – деп жазды ол.
Марқұмның қызы жедел жәрдемнің де кеш шақырылғанын алға тартты.
«Жедел жәрдем тек кешкі жетіде келген. Үш сағат бойы анам жабық есіктің ар жағында жалғыз жатқан. Біз не болғанын білмедік», – деді ол.
Оның айтуынша, отбасы әлі күнге дейін көптеген сұраққа жауап ала алмай отыр.
«Неге дәрігерлер өлім туралы бірден хабарламады? Сол уақыт аралығында не істеді? Анамды құтқаруға әрекет болды ма? Неге жедел жәрдемді бірден шақырмады?» – деп жазды марқұмның қызы.
Сондай-ақ ол оқиғадан кейін де клиниканың жұмысын тоқтатпағанына наразы екенін жеткізді. Айтуынша, таныстары клиникаға жаңа клиент ретінде хабарласқанда, оларға қызмет көрсету жалғасып жатқанын байқаған.
«Олар WhatsApp арқылы баға жіберіп, келесі аптаға операцияға жазып жатыр. Анамыздың өлімінің мән-жайы анықталмай жатып, жаңа науқастар қабылдап жатыр», – деді ол.
Марқұмның қызы бұл іске байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтып, отбасы соңына дейін әділдік үшін күресетінін мәлімдеді.
«Анамыз көпшілікке танымал адам болды. Бірақ біз үшін ол ең алдымен аяулы ана еді. Оның әлі де орындалмаған армандары көп болатын. Біз үндемейміз», – деп жазды ол.
Ал Алматы қалалық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты пікір білдірді.
«15 мамыр күні Алматы қаласының 53 жастағы тұрғыны жекеменшік клиникалардың бірінде қайтыс болды. Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу аясында қажетті тергеу амалдарының кешені жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Соңғы жаңалықтар