Саясаткер журналистердің сотталуы туралы: Бұл мемлекеттің әлсіздігі

14.07.2026 19:43 Томирис САҒЫНДЫҚ
Саясаткер журналистердің сотталуы туралы: Бұл мемлекеттің әлсіздігі
51
Фото: qaz.ulysmedia.kz сайтынан алынды

Қоғам қайраткерлері Асхат Асылбеков пен Қазбек Майгелдинов журналистердің сотталуы мен адамды желіде боттар арқылы қудалау мәселесі туралы сөз қозғады. Алғашқысының айтуынша, бұл қазіргі саяси технологтардың үлкен қателігі, себебі мұндай шаралар соңында "қазандықтың" жарылуына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы олар Ulysmedia порталына берген сұқбатында айтты.  

Асхат Асылбеков қазіргі саяси технологтардың ішкі саясатты қате бағытта жүргізіп отырғанын жеткізді. Оның пайымдауынша, қоғамдағы қысымды реттемей, «қазанның қақпағын» тарс жауып тастаудың соңы бір күні жарылысқа әкеп соқтыруы мүмкін.

«Қазақтар «шаш ал десе, бас алады» дейді ғой. Меніңше, дәл солай. Бұл — әлсіздіктің белгісі. Өйткені қуатты мемлекет ешқандай сыни пікірден қорықпайды, оның күші де сонда. Орыста «перестраховщик» деген сөз бар, яғни сақтық шарасын шектен тыс асыра сілтейтіндер. Мен соларды айтып отырмын. Олар алдын ала, «әрмен қарай қауіп төнбесін» деген оймен осындай қадамдарға баруы мүмкін. Мен бұл ұстаныммен келіспеймін. Мысалы, 90-шы жылдары ішкі саясатта Марат Тәжин жүрді. Ал қазіргі жас буын политтехнология мен ішкі саясатты басқаша жүргізіп жатыр. Мен оларға өз тәжірибемнен біраз кеңес берер едім. Себебі ішкі саясат — құрғақ саясат қана емес, ол — психология. Оның ішінде халықтың көңіл-күйі, этнопсихологиясы өте маңызды рөл атқарады. Халықты дұрыс бағыттау үшін осы факторларды терең түсіну керек. Мұны физикалық тұрғыдан қарастырсақ, бұл — қысыммен тұрған қазан сияқты, оның температурасын шектен тыс асырмау қажет. Егер бу шығатын жолдардың бәрін тарс жауып тастасаң, бір күні ол қазан жарылады. Сондықтан қазанның қақпағын мұрша бермей жабуға болмайды. Ал олар дәл осы қателікті жасап отыр», — деді Асхат Асылбеков.

«Оны сонда кім істеп отыр, қалай ойлайсыз?» — деп сұрады журналист.

«Саяси элита мәселесіне келсек, барлығымыз бір мемлекетте өмір сүріп, ортақ мемлекеттік саясат жүргізіп жатқандай көрінеміз. Бірақ іс жүзінде жекелеген тұлғалардың өз мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қоятын кездері жиі кездеседі. Басты мәселе де осыдан туындайды. Бәрімізге мәлім, бізде біреудің мүддесін қорғайтын, арнайы жалдамалы блогерлер тобы немесе «тролльдер фабрикасы» бар. Қандай да бір даулы жағдай туындай қалса, бірден белгісіз пікір жазушылар қаптап, желіде жаппай бөлісу (перепост — ред. түсіндірмесі) басталады. Бұл — бірінші мәселе. Екіншіден, бұл құралды бәсекелесін тұқырту үшін де пайдаланады. Тіпті өзіне қатысы жоқ болса да, бәсекелесінің аяғынан шалатын ақпарат шықса, дереу боттар армиясын соған бағыттайды. Сөйтіп: «Ананы талаңдар, етін ет, бұтын бұт қылыңдар» деген пәрмен беріледі. Мұны өзім де жиі байқаймын. Саясаттанушы болғандықтан, әлеуметтік желілерді (Facebook, Threads) үнемі бақылап, мониторинг жүргізіп отырамын. Мұндай сәттерде барлық жерде бір сарынды сөздер, біркелкі айыптаулар жазылады. Бұл — нағыз кибербуллинг, яғни желідегі ашық қудалау. Ең сорақысы — бұл науқанның зардабы ауыр. Кейін ол адамның кінәсіздігі дәлелденіп, ақталса да, желіде айтылған сөз желіде қалады. Ол деректер әркімнің WhatsApp чаттарына тарап, ел арасында талқыланады. Ал шабуылдаушылардың негізгі мақсаты — адамның беделін түсіру. Нәтижесінде, мақсат орындалып, нысанаға алынған адамның абырой-беделіне нұқсан келеді», — деді Қазбек Майгелдинов.

Войдите, чтобы оставить комментарий