"Сені құртамын": Төреші мен Карпович арасындағы жанжал полицияға жетті
Қазақстандық футболда кезекті үлкен жанжал туындады. Семейде өткен «Елімай» мен «Ордабасы» кездесуінің бас төрешісі Арман Исмуратовты Астана әуежайында полиция қызметкерлері күтіп алған. Бұл туралы HALYQSTAN телеграм-арнасы хабарлады.
Дереккөздің мәліметінше, матч барысында төреші алаң иелері мен команданың бас бапкеріне балағат сөздер айтып, маусым соңына дейін клубқа «күн көрсетпейтінін» ашық ескерткен. Желіде төрешінің бейәдеп сөздер қолданған видеосы лезде тарап кетті. Әзірге оған нақты қандай айып тағылатыны белгісіз.
Төрешіге деген алғашқы наразылық ойынның 39-минутында туындады. Исмуратов «Елімайдың» соққан голын есепке алмады. Арада жеті минут өткенде жағдай тағы қайталанды. Бірақ бұл жолы VAR жүйесіндегі мамандар видеоқайталаудан кейін офсайд болғанын растаған еді.
Дегенмен, негізгі уақыт аяқталған соң нағыз дау басталды. Төрешіге сұрақ қоймақ болған бас бапкер Андрей Карпович пен жартылай қорғаушы Жан-Әли Пайруз бірден қызыл қағаз алды. Бұл олардың келесі ойыннан шеттетілетінін білдіреді.
«Ол мені үш әріппен балағаттап, бүкіл облысымыз бен жанкүйерлерімізді қорлады. Оған қоса, маусымның соңына дейін «Елімайдың» түбіне жететінін, ал мені жеке өзімді құртатынын айтып қорқытты. Бас төрешінің мұндай әрекеті – нағыз жабайылық», – деп мәлімдеді Карпович.
Бұл жағдайға бей-жай қарай алмаған семейлік жанкүйерлер бірден Абай облысының әкіміне ашық хат жолдады. Олар «Елімайдың» жай ғана команда емес, тұтас аймақтың символы екенін айтып, бұл істі жеке бақылауға алуды сұрады. Жанкүйерлер әділетті футбол мен отандық спортқа жанашырлықты талап етуде.
Айта кетейік, Арман Исмуратов бұған дейін де осындай дауға іліккен. Осыдан бес жыл бұрын ол «Атырау» мен «Шахтер» матчынан кейін алаң иелерінің ойыншысы Сәбит Тастанбековпен сөзге келіп, оны кеудесінен ұрып жіберген еді.
Сол кезде футбол федерациясы жанжалды футболшының өзі бастады деп тапқанымен, төрешіні маусым соңына дейін қызметінен шеттеткен болатын. Ендігі кезекте футбол билігі бұл жаңа оқиғаға қандай баға беретіні уақыт еншісінде.
Соңғы жаңалықтар