Шахтинскте гараждағы өрт салдарынан жасөспірім тірідей өртеніп кетті

20.05.2026 20:35 Қарақат АСЫЛОВА
Шахтинскте гараждағы өрт салдарынан жасөспірім тірідей өртеніп кетті
216
Шахтинскте гараждағы өрт: бір жасөспірім қаза тапты, екеуі жараланды

Шахтинск қаласында гаражда болған өрт кезінде жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тағы екі оқушы ауыр күйік алып, ауруханаға жеткізілді. «Вечерняя Караганда» басылымының мәліметінше, мектеп оқушылары мотоциклді жанармаймен толтыру үшін металл канистрадағы бензинді пластик ыдысқа құйған. Сол сәтте бензин булары тұтанып, жалын тез арада гаражды шарпыған.

Қарағанды облыстық ТЖД дерегінше, өрт кезінде гараж ішіндегі ағаш шатыр, ескі заттар және екі мотоцикл бөлшектері отқа оранған. Өрттің жалпы аумағы шамамен 20 шаршы метрді құраған.

Оқиға орнын сөндіру барысында құтқарушылар 2008 жылы туған жасөспірімнің мәйітін тапты. Тағы 2008 және 2009 жылы туған екі оқушы ауыр күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала болжам бойынша, өрт бензин буларының ашық от немесе ұшқыннан тұтануынан шыққан.

Войдите, чтобы оставить комментарий