Шалқардағы тойдың соңы төбелеске ұласып бір жігіт қайтыс болды
Ақтөбе облысының Шалқар ауданында тойдан кейін болған төбелес кезінде 26 жастағы азамат шабынан пышақ жарақатын алып, ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сүйенсек, қайғылы оқиға тойдан кейін болған. Журналист Ардақ Керубаеваның мәліметінше, қарапайым отбасынан шыққан Жақсылық есімді марқұм әлі отбасын құрып үлгермеген және жергілікті техникалық қызмет көрсету станцияларының бірінде жұмыс істеген.
Бұл жағдайды Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.
«2026 жылғы 9 тамызда медициналық ұйымға 2000 жылы туған пациент шабының пышақ жарақатымен жеткізілді, пациент сағат 05.51-де түсіп, медициналық қызметкерлер дереу реанимациялық іс-шараларды бастады. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, сағат 06.21-де биологиялық өлім фактісі тіркелді», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан тілшімізге.
Ақтөбе облысының полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан бұл қылмысқа қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында», – деп хабарлады полициядан тілшімізге.
Соңғы жаңалықтар