«Шай, кофе ішіп отырады, жұмыспен жүктелмеген» – Тоқаев ұлттық компаниялардың кейбір қызметкерлері туралы

10.02.2026 14:02 Мөлдір Талғат
«Шай, кофе ішіп отырады, жұмыспен жүктелмеген» – Тоқаев ұлттық компаниялардың кейбір қызметкерлері туралы
260
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялардағы кейбір қызметкерлердің жұмысына қатысты қатаң пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz. 

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент заманауи, жоғары технологиялы өндірістерді құру үшін сапалы инвестициялар тарту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағытта негізгі рөл жеке бизнеске жүктелуі тиіс. Себебі дәл осы жеке сектор – сапалы инвестициялар тартудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және азаматтардың табысын арттырудың басты көзі.

Мемлекет басшысы «Бәйтерек» холдингінің инвестициялық холдингке айналуын да атап өтті. Бұл шешім белгілі бір себептерге байланысты қабылданған. Холдингтің нарықтық экономикаға ықпалы зор болғанымен, жеке бастамаларды шектеуге жол беруге болмайды. Бұл талап «Самұрық-Қазына» қорының қызметіне де қатысты.

«Мен ұлттық компаниялар мен “Самұрық-Қазына” қорының басшыларымен байыпты әңгімелер өткіздім. Менің ойымша, басқару құрылымы шамадан тыс толып кеткен, артық басқарушы кадрлар көп. Әсіресе, сол жағалаудағы деп аталатын адамдар. Олардың көп екенін өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Түскі уақытта қонақүйлерде отырып, пікір алмасады, шай ішеді, кофе ішеді. Жұмыспен нақты жүктелмеген, кейде тіпті бос отырғаннан жалығады. Сол себепті болар, әлеуметтік желілерде отырады, күмәнді талқылауларға да қатысады. Қалай дауыс беріп жүр, кімге дауыс беріп жүр — ол да бөлек мәселе. Бірақ маған бәрі белгілі. Ашық айтайын: бұл жақсылыққа апармайды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент инфляция тұрақталып, төмендеген сайын нарықтық қағидаттарды күшейту басты басымдыққа айналуы тиіс екенін айтты. Даму институттары бизнес пен қаржы секторымен бәсекелестік емес, өзара серіктестікке негізделген тиімді қарым-қатынас орнатуы қажет.

Айта кетейік, Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиын барысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің, Премьер-министрдің орынбасары – цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиевтің, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий