Шайдоров неге бес ай жалақы алмаған: министрлік түсіндіріп берді
Миланда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров жарты жылға жуық жалақы алмағанын айтқаннан кейін туризм және спорт министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Спортты дамыту дирекциясының мәлімдеуінше, Михаил Шайдоровқа 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы бұрынғы келісімшарт негізінде толықтай төленген.
«2026 жылдың наурыз айынан бастап спортшының Миланда өткен Олимпия ойындарында алтын медаль жеңіп алғаны ескеріліп, жаңа келісімшарт жасау жоспарланған болатын. Жаңа келісімшартта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған шарттары қарастырылған. Қазіргі уақытта келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатыр.Мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындық жүйесіне кіретін барлық спортшыға қолданылады және ұзақ мерзімді мемлекеттік қаржыландырудың қалыпты тәртібі саналады», - дейді ведомство өкілдері.
Дирекция Шайдоровтың Милан Олимпиадасындағы тарихи жеңісі үшін тиесілі сыйақылары оған толық көлемде берілетінін атап өтті
«Мемлекет спортшыны олимпиадалық жетістігі үшін ынталандыруға қатысты өз міндеттемелерін толық орындайды деп атап өтеміз.
Олимпия ойындарының алтын медалін жеңіп алғаны үшін Михаил Шайдоровқа 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған», - деп толықтырды дирекциядан.
Бұған дейін елімізге тарихи жеңіс сыйлаған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қысқы Олимпиададан кейін жалақы ала алмай жүргенін айтқан еді.
Соңғы жаңалықтар