Шенеуніктерді жұмыста ұстап қалу үшін мемлекет бюджеттен 67 миллиард теңге сұрап жатыр

18.03.2026 16:24 Арман Ермеков
Шенеуніктерді жұмыста ұстап қалу үшін мемлекет бюджеттен 67 миллиард теңге сұрап жатыр
355
Фото: Ақорда

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шенеуніктерді қолдаудың жаңа шараларын іске асыру үшін шамамен 67 миллиард теңге қажет болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz порталы BES.media-ға сілтеме жасап.

Мәжілістің жалпы отырысында мемлекеттік қызмет туралы заң жобасы талқыланды. Депутат Татьяна Савельева саладағы кадр тапшылығы мәселесін көтеріп, 2025 жылдың басындағы жағдай бойынша 91 мыңнан астам штаттық орынның 7 мыңға жуығы бос тұрғанын жеткізді. Сауалнамаға қатысқандардың 64 пайызы қызметкерлердің жетіспеушілігі жалақының төмендігімен, жұмыс жүктемесінің ауырлығымен және мансаптық өсудің шектеулігімен байланысты екенін көрсеткен.

Мәселені шешу үшін заң жобасында қызметкерлерді көлденеңінен өсіру, ротация кезіндегі өтемақы, демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу және жалақыны индекстеу қарастырылған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың айтуынша, 2026 жылы тек өңірлерге көшу мен зейнетке шығуға байланысты әлеуметтік төлемдер ғана беріледі. Бұл шығындар бос жұмыс орындарынан үнемделген қаржы есебінен өтеледі. Ал жалақыны индекстеу мен басқа да ірі қаржылық қолдаулар бюджетке күш түсірмеу үшін 2029 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілмек.

«Үшжылдық бюджетте бұл қаражат қарастырылмаған, бірақ заң қабылданғаннан кейін біз алдағы бағыттарды жоспарлаймыз. Бұл қызметкерлердің көлденең өсуіне, жалақыны индекстеуге және қазір жұмыс істеп тұрған функционалдық блоктарды жоюға қатысты. 2029 жылы шамамен 67 миллиард теңге қажет болады», – деді агенттік басшысы.

Жиын барысында депутат Қарақат Әбден шенеуніктердің жалақысы инфляция деңгейіне ілесе алмай жатқанын алға тартты. Осының салдарынан білікті мамандар мемлекеттік қызметтен кетіп, жеке секторды таңдауға мәжбүр. Өз кезегінде Дархан Жазықбаев азаматтардың бағалауы мемлекеттік органдардың тиімділік көрсеткіштерінің біріне айналатынын және ол қызметкерлерді материалдық тұрғыдан ынталандыру кезінде ескерілетінін айтты.

Еске сала кетейік, биылғы 15 наурызда өткен референдумда қабылданған жаңа Конституциядан кейін елімізде бірқатар заңдарды қайта қарау жұмыстары басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 17 наурызда Ата заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойып, үкіметке нормативтік құқықтық актілерді жаңа құжатқа сәйкестендіруді тапсырды. Сондай-ақ үкімет 2026 жылдың 7 сәуіріне дейін жаңа Конституцияны ілгерілету жөніндегі жоспарды бекітуі тиіс.

Айта кетейік, Қазақстанда оқушыларды мектептен шыға сала шенеунік болуға дайындайды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий