Шерзат Полаттың анасы ұлының өліміне айыпты адамға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

Шерзат Полаттың анасы ұлының өліміне айыпты адамға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұрады
02.06.2025 12:20
0
315
ашық дереккөзден

2025 жылғы 2 маусымда Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша жарыссөздер басталды.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейрман Шекеев жарыссөздер барысында Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишембиеваның сотқа жолдаған хат-өтінішін оқыды. Ол соттан айыпталушыға өмір бойы бас бостандығынан айыру немесе 20 жылдан жоғары мерзім тағайындауды сұрады.

"Айыпталушылардың әрекетінен бірнеше қылмыс жасалды: Шерзат Полатты өлтіру, үйіміздің өртенуі, Нұрқанат Ғайыпбаевтың өмірден өтуі. Біз әлі күнге дейін күйзелістеміз. Айыпталушылар өкініш білдірген жоқ, кешірім де сұрамады. Сотта олар өздерін ақтап, жалған айғақ беріп, тіпті бізді кінәлі етуге тырысты. Шерзат қашып құтылуға тырысса да, олар қуып жетіп, аяусыз өлтірді. Мен қанша жалынсам да, олар сөзіме құлақ аспады. Қаржаубай пышақпен қорқытқанымен, ешкімге зиян келтірген жоқ. Олар өздері Нұрқанатты арандатып, "ат, ат" деп үгіттеді. Егер ол атқысы келсе, атып жіберер еді, бірақ ол ешкімді өлтірген жоқ. Сот оларға қандай үкім шығарса да, олар тірі қалады. Ал біз бірнеше жақынымыздан айырылдық. Соттан әділ шешім қабылдауды сұраймын. Бұны тек біздің отбасымыз емес, қауіпсіз болашақты күткен қоғам да қалайды", — деді Гүлбара Бишембиева.

Шерзат Полаттың туыстары Думан Ысқақ есімді кәмелетке толмаған айыпталушыны кешіргенімен, қалған сегіз айыпталушыға ең қатаң жаза тағайындауды және бұрын талап етілген шығынды толық өндіріп беруді сұрады.

2025 жылғы 2 маусымда мемлекеттік айыптаушы да айыпталушыларға ең жоғары жаза мерзімін тағайындауды сұрады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий