Шок жағдай: Чемпионатта Қазақстанның әнұраны қойылмай, спортшылар оны өздері орындады

17.07.2026 15:42 Әсел МҰРАТ
Шок жағдай: Чемпионатта Қазақстанның әнұраны қойылмай, спортшылар оны өздері орындады
169
Фото: видеодан скрин

Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі (U-19) қыздар арасындағы су добынан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының жас спортшы қыздары Мемлекеттік Әнұранды музыкалық сүйемелдеусіз өздері орындап шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Команда өкілдерінің айтуынша, жарысты ұйымдастырушыларға Әнұранның ресми аудиожазбасы алдын ала табысталған. Алайда салтанатты рәсім кезінде техникалық ақауға байланысты дыбыс дер кезінде қосылмаған.

Осы сәтте қазақстандық спортшы қыздар абдырап қалмай, Мемлекеттік Әнұранды бір дауыспен, акапелла форматында орындап шықты. Олардың бұл әрекеті көрермендердің ықыласына бөленді.

Әсерлі сәт бейнекамераға түсіріліп, кейін әлеуметтік желілерде жарияланып, көпшіліктің жылы пікіріне ие болды.

Айта кетейік, су добынан Қазақстанның әйелдер құрамасы Таиланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі Азия чемпионатындағы алғашқы ойынын өткізді.

Алғашқы кездесуде қазақстандық ватерполшылар турнирдің басты фавориттерінің бірі – Жапония  құрамасымен кездесті. Матч 8:19 есебімен жапониялықтардың пайдасына аяқталды.

Ертең Қазақстан құрамасы жарыс қожайындары Таиланд құрамасына қарсы ойнайды.

Құрлық біріншілігінде барлығы 7 әйелдер құрамасы айналмалы жүйе бойынша жүлдегерлерді анықтайды.

Құрлықтық додада 2027 жылғы әлем чемпионатының жолдамасы да сарапқа салынады.

Войдите, чтобы оставить комментарий