Шығыс Қазақстанда 8 млрд теңгелік жаңа көпірдің құрылысы жер дауына бола кешігіп жатыр

01.06.2026 10:52 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Шығыс Қазақстанда 8 млрд теңгелік жаңа көпірдің құрылысы жер дауына бола кешігіп жатыр
195
Фото: Бейнеден алынған скрин

Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында Уба өзені арқылы өтетін және құны 8 млрд теңгеге жуықтайтын жаңа көпірдің құрылысы жекеменшік жер телімдеріне қатысты даудың салдарынан кешеуілдеуде, деп хабарлайды Politico.kz порталы 24.kz телеарнасына сілтеме жасап.

Трансшекаралық маңызы зор бұл жобаның жобалық-сметалық құжаттары осыдан екі жыл бұрын әзірленіп, құрылыс жұмыстары биылғы мамыр айында басталуы тиіс еді. Алайда қазіргі уақытта тұрғындар басқа балама жол болмағандықтан, өткен ғасырдың ортасында салынған және осыдан 20 жылдай бұрын апатты деп танылған ескі өткелді амалсыздан пайдалануға мәжбүр. Сарапшылардың пікірінше, 70 жылға жуық тарихы бар бұл гидроқұрылғы қайта жөндеуге мүлдем жарамайды.

Тәулігіне 2 мыңнан астам көлік өтетін нысанға түсетін салмақты азайту үшін арнайы бағдаршам орнатылып, бір бағытты қозғалыс енгізілгенімен, жүк көліктерінің көптігінен бұл шаралар айтарлықтай нәтиже бермей отыр.

«Көпір үстіндегі қозғалысты қанша реттегенмен қауіп сейілмейді, мысалы, бір бағытпен 5-6 жүк көлігі қатарынан өткен кезде қаншама салмақ түседі ғой, сондықтан жаңа көпір салмай жағдай түзелмейді деп ойлаймын», – деді Шемонаиха қаласының тұрғыны Василий Лобанов.

Көптен күткен жаңа өткелдің құрылысы қарсаңында туындаған кедергілер тікелей құрылыс учаскесіндегі жер телімдеріне байланысты болып шықты.

«Жобаны бастау аздап созылып кеткені рас, себебі дәл құрылыс учаскесінде бірнеше жекеменшік жер телімдері болды және бұл сұрақты қазір толықтай шештік деуге болады, ал енді белгіленген өтемақымен келіспей тұрған бір меншік иесінің шағымына байланысты сот шешімінің күшіне енуін ғана күтіп отырмыз», – деді Шемонаиха ауданының әкімі Дидар Кеңесбаев.

Мамандардың сөзіне қарағанда, сот шешімінен кейінгі жұмыстардың қарқын алуы қаржының уақытылы бөлінуіне тікелей тәуелді. Жоспарға сәйкес, тиісті қаражат дер кезінде бөлініп, жұмыс сәтімен басталған жағдайда жаңа өткел екі жыл ішінде толықтай бой көтереді. Бұл гидроқұрылғының ұзындығы ескі нысаннан 40 метрге ұзарып, ені 6 метрге кеңеймек, нәтижесінде тек облысаралық қатынас қана емес, үш ел арасындағы транзиттік әлеует те едәуір артады.

Тілші Эльмира Ахметованың мәліметінше, жаңа көпір салынғаннан кейін ескі өткелдің тағдыры түпкілікті шешіліп, ол не толықтай сүріліп тасталады, не болмаса халық серуендейтін әдемі демалыс орнына айналуы ықтимал.

Войдите, чтобы оставить комментарий