Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашқан үш жігіт сотталды
Биылғы 23 маусымда Шымкент қаласының соты өткен жылдың қараша айында 17 жастағы қызды күштеп алып қашты деп айыпталған үш жігітті үш жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Politico.kz «7 арнаға» сілтеме жасап.
Сот барысында жәбірленуші мен басты айыпталушының бұрыннан таныс болғаны анықталғанымен, бойжеткеннің тұрмысқа шығуға ешқандай келісім бермегені белгілі болды.
"Жәбірленуші көлікке өз еркімен отырғаны рас, алайда оның тұрмысқа шығу ниеті болмаған, сол күні ол жігітпен кәдімгі кездесуге шыққандықтан алып қашуға келісімін берген жоқ", — деді судья Айнель Орақбаева.
Алайда сотталған азаматтардың туыстары бұл үкіммен үзілді-кесілді келіспей отыр. Олардың сөзіне қарағанда бойжеткен жігіттің қаражатын жаратып, үйінде өз еркімен қалған.
"Ол үйге өзі келді және баламның ақшасын жаратты, тіпті әпкелері келгенде де осында қаламын деп айтқан еді, ал кейін қалағанын алған соң неге кетіп қалғанын өзіміз де түсінбедік", — деді сотталған жігіттің анасы Зүлфия Елбаева.
Еске салайық, биыл қаңтар айында 17 жастағы бойжеткен өзін Шымкенттен Сарыағашқа күштеп алып кеткенін, сондай-ақ күдіктінің туыстары қысым көрсетіп, өз еркімен келдім деген қолхат жаздырғанын және жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлегенін мәлімдеген еді.
Бұл істе қызды алып қашуға көмектесті деп танылып, темір торға тоғытылғандардың бірі үш баланың әкесі екені анықталып отыр. Оның жары сот үкімін тым қатаң деп санайды.
"Біз қонақта болған кезде қыз күліп, көңіл-күйі жақсы болған еді, ал енді үш жыл бойы үш баламен жалғыз өзім қайда барамын, бұл өте әділетсіз шешім болды", — деді сотталған азаматтың әйелі Динара Жантіллә.
Қазіргі таңда сотталғандардың қорғаушылары апелляциялық шағым түсіріп, істі қайта қарауға қол жеткізуді көздеп отыр. Бір қызығы осы қылмысқа қатысы бар төртінші күдікті әлі ұсталмаған.
Айта кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында Қылмыстық кодекске адамды некеге тұруға мәжбүрлегені үшін 2000 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл салудан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын арнайы бап енгізілген.
Соңғы жаңалықтар