Шымкентте 23 жастағы бойжеткен уақытша ұстау изоляторында көз жұмды

16.05.2026 12:23 Қарақат АСЫЛОВА
Шымкентте 23 жастағы бойжеткен уақытша ұстау изоляторында көз жұмды
258
Изоляторда қыздың қаза болуына байланысты іс қозғалды

Шымкентте уақытша ұстау изоляторына қамалған 23 жастағы бойжеткеннің қаза болуы қоғамда қызу талқылануда, деп хабарлайды Politico.kz.

Заңгер Мұхаммед Әлиосман Оғлының мәліметінше, оқиға қыз танысының үйіне барған кезде басталған. Оның айтуынша, мас күйдегі ер адамдардың бірі бойжеткенге тиіскен. Қыз қарсылық танытып, сыртқа қашып шыққан және құрбыларынан полиция шақыруды сұраған.

Кейін көшеде жанжал туындап, оның барысында бір жігіт пышақ жарақатын алған. Осы оқиғадан кейін полиция бойжеткенді ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігі бойынша күдікті ретінде қамауға алған.

Ал Шымкент қалалық Полиция департаменті оқиғаға қатысты өз нұсқасын жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, 2 мамырға қараған түні бойжеткен мен кәмелетке толмаған жасөспірім арасында жанжал шығып, салдарынан жасөспірім пышақ жарақатын алған.

12 мамыр күні күдікті өзіне қарсы заңсыз әрекеттер жасалғанын айтқан. Алайда тергеу барысында куәгерлер бұл мәлімдемені растамағаны хабарланды.

15 мамырға қараған түні уақытша ұстау изоляторындағы камерада қыздың денсаулығы күрт нашарлаған. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Алдын ала мәлімет бойынша, өлім себебі дәрілік препараттан улану болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий