Шымкентте экс-судья жеке арбитраж сотын ашып, дауды өз пайдасына шешкен

18.08.2026 10:08 Қарақат АСЫЛОВА
Шымкентте экс-судья жеке арбитраж сотын ашып, дауды өз пайдасына шешкен
205
Сурет Михаил Козачковтың Kozachkov offside телеграмм-арнасынан алынған

Шымкентте бұрынғы судья жеке арбитраж сотын құрып, өзі жалға алған ғимаратқа қатысты дауды өз пайдасына шешкен. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Кәсіпкер Айгүл Әбдиева мен бес компания арасында ұзақ уақыттан бері жалға алу дауы жүріп жатыр. Әйел несиеге ғимарат салып, оны «Old Hill & Invest», «Old & Hill», «Adilet Group In Trade», «Alibek Partners» және «Aray & Construction» серіктестіктеріне жалға берген. Жалға алушылардың төлемі ғимараттың банк алдындағы қарызын жабуы тиіс еді.

Алайда тараптар ортақ мәмілеге келе алмаған. Айгүл Әбдиева жалға алушылар төлемді үнемі кешіктіріп, міндеттерін дұрыс орындамайтынын айтады. Ал компания өкілдері ғимаратты жөндеуге қыруар қаржы жұмсағанын алға тартқан. Олар бұл шығынды жылжымайтын мүлік иесі өтеуі керек деп есептейді.

Мұндай кезде дау сот арқылы шешілуі қажет. Бірақ жалға алу келісімшарттарында барлық түсініспеушілік «AG Arbitration Court» арбитражында қаралуы тиіс деген арнайы тармақ көрсетілген. Осыны пайдаланған бес компания бірінші болып шағым түсіріп, жөндеу шығындарын жалға алу ақысына жатқызуды талап еткен. Кейінірек Айгүл Әбдиева да қарсы шағым түсірді.

Наурыз айынан шілдеге дейін созылған істі Құнанбаев есімді арбитр қараған. Ол ғимарат иесінің талабы орынды деген шешімге келген. Осылайша жалға алушылар кәсіпкерге шамамен 100 млн теңге және 10 млн теңге баж салығын төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ келісімшарт бұзылып, коммерсанттар ғимаратты босатуы тиіс болды.

Арбитраж шешімі жарияланған бойда күшіне енеді. Яғни 9 шілдеде бұл дауға нүкте қойылған еді. Алайда 15 шілде күні арбитраж төрайымы Смайлова бұл шешімнің күшін жойды. Ол бұл қызметке осы оқиғадан бірнеше күн бұрын ғана тағайындалған. Журналистің мәліметінше іс жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қайта қаралған.

Төрайым тараптардың шешімді уақытында қолға алмағанын себеп еткен. Сондай-ақ іс материалдарында түрлі дауларды біріктіру туралы акт пен отырыс хаттамалары жоқ болып шыққан. Бұған қоса бес компания орналасқан ғимаратта жарық өшкені және арбитрдің Айгүл Әбдиеваның өкілімен байланысқаны жаңа мән-жай ретінде көрсетілген.

Осы жағдайлардың бәрі негізге алынып, төрт ай қаралған істің нәтижесі жойылды. Оның орнына жаңа шешім шықты. Бұл жолы жалға алушылардың талабы толық қанағаттандырылып, ғимарат иесінің шағымы кері қайтарылды.

Журналист істің ең басты шиеленісі басқада екенін айтады. Айгүл Әбдиева ғимаратты іс жүзінде бұрынғы судья Ілиясбек Жүнісовке жалға бергенін мәлімдеген. Келісімшартты жоғарыда аталған бес компаниямен жасасуды да сол ұсынған. Құжатқа «AG Arbitration Court» халықаралық арбитражын енгізу де Жүнісовтің идеясы болған.

Журналистің дерегінше бұл арбитраждың жалғыз құрылтайшысы әрі басшысы Ілиясбек Жүнісовтің өзі болып шықты. Яғни ол бөтен ғимаратты жалға алып, өзі ұсынған компаниялар арқылы айлап ақша төлемеген. Ал өзінің арбитражы оларды кінәлі деп таныған кезде, шешімді тез арада өзгертіп тастаған.

Осы оқиғадан кейін Михаил Козачков бірнеше мәселе көтерді. Оның сөзіне қарағанда мұндай арбитраждар заңдағы олқылықты пайдаланып, дауларды әділ сотта шешуге кедергі келтіруі мүмкін. Сондай-ақ Ілиясбек Жүнісов пен арбитраж арасындағы байланыс анық көрініп тұрғанда, қарапайым азаматтардың құқығы қалай қорғалатыны белгісіз қалып отыр.

Қазіргі уақытта «AG Arbitration Court» жұмысының заңдылығын тексеретін органның бар-жоғы нақты емес. Журналист Шымкент қаласының прокуратурасы бұл жағдайға назар аударады деген үмітте. Мысалы Алматыда дәл осындай қадағалау органы «Әділет халықаралық арбитраж соты» деп аталатын ұйымды жаптырған болатын. Оңтүстік мегаполисте бұл істің қалай өрбитіні әзірге белгісіз.

Войдите, чтобы оставить комментарий