Шымкентте мас күйеуінен қорғанған әйел 2 жылға сотталды

05.06.2026 14:00 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Шымкентте мас күйеуінен қорғанған әйел 2 жылға сотталды
287
Фото: depositphotos.com

Шымкентте күйеуі соққыға жыққан сәтте өзін қорғамақ болып, оны пышақтап өлтірген 53 жастағы «Алтын алқа» иегері екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға ақпан айында Қарабастау тұрғын алабындағы жеке үйлердің бірінде болған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, ерлі-зайыптылар арасында жанжал шығып, мас күйдегі ер адам әйелін соққыға жыққан.

Бұрын сотталмаған жұмыссыз әйел өзін қорғау үшін асүй пышағын ала салып, оның сол қолтығының астынан бір рет сұққан. Кейін өзі жедел жәрдем шақырғанымен, оқиға орнына келген дәрігерлер ер адамның өлімін тіркеді.

Бастапқыда Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелге қасақана адам өлтіру айыбы тағылған болатын. Алайда алқабилер алқасы оның әрекетінде қасақаналық жоқ деп тауып, істі қажетті қорғаныс шегінен шығу бабына ауыстырды. Өз кінәсін мойындап, өкінген көпбалалы ананың тергеу изоляторында отырған әр күні жазаның екі күні болып есептеледі.

«Сотталушы қылмыстық кодекстің 102-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді», — делінген сот хабарламасында.

Войдите, чтобы оставить комментарий