Шымкентте қызу ойын ұйымдастырып халықты алдағандар құрықталды
Шымкентте TikTok желісінде заңсыз ойын ұйымдастырғандар 93 миллион теңге пайда тапқан, деп хабарлайды Politico.kz
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті әлеуметтік желілер арқылы заңсыз онлайн-ойын бизнесін жүргізген қылмыстық топтың жолын кесті. Күдіктілер екі жыл бойы TikTok және YouTube платформаларындағы «TauBrat» парақшасы арқылы тікелей эфирде «Тринька» атты құмар ойынын өткізіп келген.
Тергеу деректеріне сәйкес ұйымдастырушылар заңсыз кәсіптен түскен қомақты қаражатты заңдастыру үшін арнайы схема қолданған. Олар ақшаны қолма-қол шығарып алу мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімделген банктік карталарды, яғни «дроптарды» пайдаланған. Осы уақыт аралығында олардың қылмыстық жолмен тапқан жалпы табысы 93 миллион теңгеден асқан.
Күдіктілер жымқырылған қаражатқа Hyundai Sonata маркалы автокөлік пен тұрғын үйі бар жер телімін сатып алған. Соттың санкциясымен аталған мүліктерге толығымен тыйым салынды.
Қазіргі уақытта іс бойынша екі негізгі күдікті ұсталып екі ай мерзімге қамауға алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Соңғы жаңалықтар