«Шынайылық жетіспейді»: Сәкен Майғазиевтің Нұрлан имаммен болған әңгімесі желіде пікірталас тудырды
«МузАрт» тобының солисі, танымал әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында Нұрлан имаммен бір отырыста түсірілген видеоны жариялап, жұрт назарын аударды, деп хабарлайды Politico.kz
Жарияланған видеода әнші Нұрлан имамның алдында сөз сөйлеп, адам болмысы мен бір-бірін қабылдау тақырыбын қозғаған. Ол жазбасында айтқан ойының мәнін де түсіндіріп өтті.
«Маған сөз берді екен деп, Нұрлан имамның алдында көсіліп сөйлеп тұрған мен де жүрек жұтқан жігіт екем.
Элиф Шафак деген жақсы көретін жазушымның сөзі бар: “Алла тағала барлық адамның ой-санасын, бітім-болмысын, түр-келбетін бірдей етіп жаратуға да құдіреті жетер еді, бірақ Ол осылай қалады”. Сол себепті бір адамды бір адамнан кем санау — қателік. Керісінше, біріміз бірімізді толықтырып, жақсысын асырып, жаманын жасыру — адамгершіліктің белгісі. Мен айтқым келген ой осы еді», — деп жазды әнші.
Алайда бұл жазба мен видео желі қолданушылары арасында әртүрлі реакция тудырды. Бірі Сәкен Майғазиевтің ойымен келісіп, қолдау білдірсе, енді біреулері сын пікірлерін жасырмады.
Кейбір оқырмандар:
«Қазіргі отырыстарда шынайылық жоқ», «Әніңді айтып жүре берсеңші тыныш», «Әртістердің сөзі мен ісі бір жерден шықпай жатады», «Нұрлан имам әулие емес, бәрін асыра сілтеудің қажеті жоқ» деген пікірлер қалдырған.
Осылайша, әншінің ниеті ізгі болғанымен, оның сөзі қоғамда түрлі көзқарас тудырып, қызу талқыға түсті.
Соңғы жаңалықтар