«Сізден басқаның бәрі кінәлі сияқты»: Бектенов әкімге ескерту жасады

28.07.2026 11:46 Әсел МҰРАТ
«Сізден басқаның бәрі кінәлі сияқты»: Бектенов әкімге ескерту жасады
48
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті ұлттық жобалар аясындағы жұмыстардың баяу жүргізіліп жатқаны үшін сынға алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкімет отырысында энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаның орындалу барысы талқыланды. Жиын барысында бірқатар өңірде жобаларды қаржыландыру мен келісімшарт жасау рәсімдерінің созылып кеткені айтылды. Бұл тізімде Алматы облысы да бар.

Олжас Бектеновтің айтуынша, өңірде ұлттық жоба шеңберінде жоспарланған бірнеше келісімшарт әлі күнге дейін жасалмаған.

Ал облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, алдағы уақытта жалпы құны 62,9 млрд теңге болатын 10 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Жобалардың басым бөлігі «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ға тиесілі.

Әкімнің мәліметінше, «АЖК» 17 шілдеден бастап конкурстық рәсімдерді өткізіп жатыр. Оның қорытындысы 25 қыркүйекте жариялануы тиіс. Ал жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын төрт жоба бойынша мердігерлермен келісімшарттар жасалған. Осылайша, жоспардың 50 пайызы орындалған.

Сұлтанғазиев жылу желілерін жаңғырту жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар су бұру саласындағы екі жобаға қатысты конкурстар прокуратураның ұсынысынан кейін тоқтатылған. Осыған байланысты жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қайта өткізілген конкурстардың нәтижесін тамыз айының соңында шығарып, содан кейін жұмыстарды бастау жоспарланып отыр.

Әкімнің баяндамасын тыңдаған премьер-министр Олжас Бектенов жағдайға көңілі толмайтынын білдіріп, Алматы облысының басшысына жұмысты жеделдетуді тапсырды.

«Сізді тыңдасақ, сізден басқаның бәрі кінәлі сияқты. Тездетіңіздер», – деді Үкімет басшысы.

Марат Сұлтанғазиев жобалардың орындалуын жеделдетуге уәде беріп, жоспардың 50 пайызы жүзеге асқанын тағы да атап өтті. Алайда осы сәтте Бектенов әкімнің сөзін бөліп: «Отырыңыз», – деді.

Войдите, чтобы оставить комментарий