Солтүстік Қазақстанда 125 жылдық тарихы бар ауыл тұрғындары асфальт жолды әлі күтіп отыр

16.03.2026 15:10 Арман Ермеков
Солтүстік Қазақстанда 125 жылдық тарихы бар ауыл тұрғындары асфальт жолды әлі күтіп отыр
59
Иллюстративті сурет / Фото: mlyn.by

Солтүстік Қазақстан облысындағы Қоғамдық кеңес отырысында Жамбыл ауданына қарасты Баян ауылына баратын жол мәселесі қаралды. Ғасырдан астам тарихы бар елді мекен тұрғындары асфальт төселген тақтайдай жолға қашан қол жеткізетіндерін биліктен сұрады, деп хабарлайды Politico.kz порталы Петропавловск.news-ке сілтеме жасап.

Бұл түйткілді мәселе облыстың 2026–2028 жылдарға арналған бюджетін нақтылау кезінде көтерілді. Қоғамдық кеңес мүшесі Жангелді Тәжіннің айтуынша, жақында Баян ауылының тұрғындары оны арнайы жиналысқа шақырып, кіреберіс жолдың жырын жеткізген. Биыл, яғни 2026 жылы ауылдың іргесі қаланғанына тура 125 жыл толады.

«1901 жылы ауыл тұрғындары генерал-губернатор Субботинге жүгініп, жер пайдалану актісін алған екен. Ауылдың тарихы сол кезден бастау алады. Бұл топырақтан Қазақстанның тұңғыш Ауыл шаруашылығы министрі, үш Социалистік Еңбек Ері және бірнеше орден иегері шыққан», – деп атап өтті Жангелді Тәжін.

Бүгінде ауылда 120-ға жуық түтін бар, мектеп пен балабақша жұмыс істеп тұр. Алайда, тасжолдан ауылға дейінгі 8 шақырымдық жол азабы жұрттың бас ауруына айналған. Оның үстіне, көршілес Повозочное ауылына баратын жолды жөндеу жоспарланып, ал Баян ауылының назардан тыс қалғаны халықтың наразылығын тудырған.

Кеңес отырысында жауапты тұлғалар биыл көршілес Повозочное ауылына дейінгі жол құрылысы жалғасатынын түсіндірді. Былтыр оның 7,5 шақырымы жөнделсе, биыл тағы 7,5 шақырымын аяқтау жоспарланған. Ал Баян ауылына дейінгі жолды жөндеу келесі жылға қалдырылыпты. Шенеуніктердің сөзінше, жоба дайын, болашақта ол Баяннан Архангелкаға дейін жалғасып, Пресновкаға шығуы тиіс.

Жөндеу жұмыстарының кешігу себебін билік өкілдері қаражат мәселесімен түсіндірді. Биылғы басты мақсат – бұған дейін басталған жол жобаларын аяқтау.

«Жыл сайын бұл мақсатқа республикалық бюджеттен шамамен 20 миллиард теңге бөлінетін. Биыл бұл қаржы түскен жоқ. Есептеп қарасақ, бұған дейін басталған жобаларды толық аяқтау үшін шамамен 26 миллиард теңге қажет. Біз алдымен осыларды бітіріп аламыз да, келесі жылы Повозочноеден Баян және Архангелка бағытына қарай жаңа жобаларды бастаймыз», – деді жиын барысында жауапты мамандар.

Айта кетейік, көпті толғандырған жол мәселесі Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын (2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджет) талқылау кезінде айтылды. Бюджетті нақтылау бойынша облыс әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов баяндама жасады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий