Солтүстік Қазақстанда элеваторда екі жұмысшы ауыр жарақат алды
Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының Дубровное ауылында элеваторда екі жұмысшы ауыр жарақат алды. Оқиға 3 қыркүйек күні түстен кейін «Агрофирма «Мамлютская» ЖШС аумағында болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, кәсіпорында слесарь болып жұмыс істейтін екі қызметкер астық кептіруге арналған жабдықта жұмыс жүргізген. Жұмыс барысында қызметкерлердің бірі жарақат алған. Оған көмек көрсетпек болған екінші жұмысшы да жабдыққа қысылып, жарақат алған.
Екі зардап шегуші де аудандық ауруханаға жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1983 жылы туған жұмысшының екі жіліншігінің де сүйектері ашық сынған, сондай-ақ оң жақ шыбық сүйегінің ашық сынығы анықталған. Науқасқа хирургиялық ота жасалды. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты ауыр.
1985 жылы туған екінші жұмысшының екі білегіндегі сүйектері ашық сынған. Дәрігерлер оған ампутация жасады. Оның жағдайы да тұрақты ауыр. Екі науқас та аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр.
Оқиғаға қатысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 3 қыркүйекте элеватор аумағында астық кептіру жабдығының бір бөлігінде жұмыс жүргізу кезінде қызметкерлердің бірі аяғынан жарақат алған. Оған көмек көрсетуге әрекеттенген екінші жұмысшы да жарақаттанған.
Аталған факті бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар