Солтүстік Қазақстанда нашар жолдың кесірінен құрсақ көтерген келіншек ажал құшты
Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында жолдың нашарлығынан жедел жәрдем уақытында жете алмай, 34 жастағы жүкті әйел көз жұмды. Бұл туралы HALYQSTAN жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмнан кенеттен қатты қан кетіп, шұғыл медициналық көмек қажет болған. Алайда шақыртуға асыққан жедел жәрдем көлігі бұзылған тасжолмен өте баяу жүруге мәжбүр болып, небәрі 37 шақырымдық қашықтықты бір жарым сағатқа жуық уақытта әрең еңсерген. Дәрігерлер ауыр халде жатқан науқасқа дер кезінде жетуге үлгермегендіктен, ауыл тұрғындары мен әйелдің туыстары жоғалған алтын уақыт оның өмірін қиды деп санайды.
Көз жұмған келіншек ауданға танымал ұстаз әрі белсенді қоғам қайраткері болған, артында екі баласы қалған ол отбасындағы жалғыз қыз екен. Марқұмның жақындары бұл қайғылы жағдайға бірнеше себеп, оның ішінде медициналық қателіктер де түрткі болуы мүмкін деп есептегенімен, әйелді аман алып қалуға кедергі келтірген басты фактор Пресновка және Благовещенка елді мекендері арасындағы көп жылдан бері жөндеу көрмеген жол екенін алға тартуда. Жергілікті билік бұл аумақты 2025 жылы қалыпқа келтіруге уәде бергенімен, 2026 жылдың жазы ортасына таяса да маңызды учаске әлі жөнделмеген.
СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесовтің сөзіне қарағанда, 98 шақырымды құрайтын Пресновка мен Қайранкөл бағытындағы жолдың, әсіресе Благовещенкадан Қайранкөлге дейінгі бөлігінің жағдайы шынымен де өте нашар.
«Бұл учаске бойынша облыс әкімі бірінші кезекте қаржыландыру туралы тапсырма берді. Қазіргі уақытта біз жұмыстарды үш кезеңмен жүргіземіз, бірінші кезеңде Қайранкөл ауылынан Украинский елді мекеніне дейінгі жолды жөндейміз, екінші кезеңде Благовещенкаға дейінгі аумақты қамтимыз, ал соңында Пресновкаға дейінгі жол салынады», – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов.
Әкім орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда бірінші кезең бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын, сараптамадан өткен және жақын арада жұмысқа кірісетін мердігер компания анықталады.
«Украинскийден Благовещенкаға дейінгі аралық әрқайсысы 20 шақырымнан екі кезеңмен жөнделеді. Біз жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қажетті барлық далалық ізденістерді жүргіздік. Жалпы бұл жолды жөндеу бойынша нақты жоспарымыз бар, яғни алдағы екі жылда бұл учаске толығымен жөндеуден өтеді», – деді ол.
Соңғы жаңалықтар