Соңғы жекпе-жек: Головкин рингке оралмақшы

Соңғы жекпе-жек: Головкин рингке оралмақшы
0
980
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Геннадий Головкин

2022 жылдың қыркүйегінен бері рингке шықпаған қазақстандық боксшы, әлемнің бұрынғы чемпионы Геннадий Головкин кәсіби спортшы ретінде тағы бір жекпе-жек өткізуге ниетті екенін айтты, деп хабарлайды POLITICO саяси-әлеуметтік порталы.

GGG соңғы рет 2022 жылдың 17 қыркүйегінде Лас-Вегаста мексикалық Сауль Канело Альвареспен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен ұтылған еді. Осыдан кейін атақты боксшы рингке оралмағанымен, мансабын аяқтау жөнінде ресми мәлімдеме жасамаған.

43 жастағы Головкин соңғы жылдары спорттық басқару саласына бет бұрды. 2024 жылдың 26 ақпанында ол Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті болып сайланды, ал сол жылдың қыркүйегінде жаңа халықаралық World Boxing федерациясының Олимпиадалық комиссиясын басқарды. Оның бұл ұйымдағы рөлі бокс спортын Олимпиада бағдарламасында сақтап қалуға үлкен ықпал етті.

Соған қарамастан, Головкин боксқа деген қызығушылығын жоғалтпағанын және рингке қайта оралу ниеті бар екенін айтты. Бұл туралы ол Азия бокс федерациясының президенті міндетін атқарушы Пичаи Чунхаваджиреге берген сұхбатында бөлісті.

Азия бокс басшысы GGG-дің жекпе-жектерін Youtube арқылы жиі көретінін айтып, World Boxing халықаралық федерациясының президенттігіне өтетін сайлауда Головкинге қолдау білдіретінін жеткізген.

Өз кезегінде Головкин бокста тек функционер ретінде ғана емес, басқа да қызығушылығы барын жеткізді.

«Мен боксты білемін. Бокс — менің өмірім. Әрдайым еңбек еттім. Иә, қазір жасым 43-те, бірақ әлі де жаттығамын. Мүмкін, тағы бір жекпе-жек өткізгім келеді. Оны Қазақстанда өткізуді қалаймын», — деді GGG.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий