Сот Маңғыстау әкімі Нұрдәулет Қилыбайды 3 жасар баланың әкесі деп таныды

Маңғыстау облысында аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Ынташ Наурызова арасындағы әкелікті анықтау туралы даулы іске нүкте қойылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.
Ұзаққа созылған сот процесінен кейін, сот облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайды үш жасар баланың әкесі деп ресми түрде танып, оған алимент төлеуді міндеттеді.
Сот шешіміне сәйкес, енді Әміре Наурыздың туу туралы куәлігіне өзгерістер енгізіледі: балаға әкесі Нұрдәулет Қилыбайдың тегі мен әкесінің аты беріледі. Бұдан бөлек, сот облыс әкімін бала кәмелетке толғанға дейін ай сайынғы ресми табысының 25 пайызын алимент ретінде төлеп тұруға міндеттеді.
Бұл шулы оқиға 2025 жылдың маусым айында Ынташ Наурызованың президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдауынан кейін қоғам назарына іліккен болатын. Ол 2022 жылы әкімнен ұл босанғанын, алайда шенеунік баладан бас тартып, өзіне қысым жасағанын мәлімдеген. Сол кезде Нұрдәулет Қилыбай бұл айыптауларды жоққа шығарып, «Жылтырағанның бәрі алтын емес, әлеуметтік желіде жазылғанның бәрі шындық емес» деп жауап берген еді. Дегенмен, Наурызова сотқа шағым түсіріп, ДНК сараптамасын тағайындауды талап еткен.
Сот шешімінен кейін Ынташ Наурызова әлеуметтік желіде өзін қолдағандарға алғыс айтып, енді ұлының Әміре Нұрдәулетұлы екенін жазды. Облыс әкімшілігі бұл жағдайға қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда, бұған дейін Қилыбайдың өкілдері оның соттың кез келген шешіміне мойынсұнуға дайын екенін хабарлаған болатын.
Соңғы жаңалықтар




