СҚО-да фельдшерді аяусыз соққыға жыққан ер адам сотталды
Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасы болған жерге көмек көрсетуге келген фельдшерге күш қолданған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 23 маусым күні Шал ақын ауданындағы Ұзынжар ауылы маңында болған. Lada автокөлігі жолдан шығып кетіп, Чудесай өзенінің жанында аударылған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жеткен.
Тексеру барысында көлікті басқарған 52 жастағы аудан тұрғынының мас күйде болғаны анықталды. Ал зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатқан сәтте көліктегі 62 жастағы жолаушы кенеттен 37 жастағы фельдшерге шабуыл жасаған. Ол медицина қызметкерін бірнеше рет теуіп, қолынан ұстап күш қолданған.
Тәртіп сақшылары ер адамды дереу тоқтатып, ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Кейін оған медицина қызметкеріне қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оны 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Жазасын ол қауіпсіздігі ең төменгі мекемеде өтейтін болады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, жол апатын жасаған жүргізуші мас күйде көлік басқарғаны үшін 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.
Соңғы жаңалықтар