Таиландта Интерпол іздеу салған 24 жастағы қазақстандық ұсталды

Таиландта Интерпол іздеу салған 24 жастағы қазақстандық ұсталды
Фото: Facebook/THAILAND 🇹🇭

Пхукет аралында халықаралық іздеуде жүрген 24 жастағы Қазақстан азаматы қолға түсті. Оған трансұлттық қылмыстық желіге қатысы бар және мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірді деген айып тағылған, деп хабарлайды Politico.kz.

MGR Online басылымының мәліметінше, 2026 жылғы 4 қарашада Қазақстанның Таиландтағы елшілігі мен Интерпол Пхукет иммиграциялық қызметіне қазақстандық азаматты іздеу және ұстау туралы өтініш жолдаған. Ол трансұлттық қылмыстық желіге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен халықаралық іздеуге жарияланған.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті өзге адамдармен сөз байласып, 20-дан астам жалған компания құру үшін құжаттарды қолдан жасаған. Бұл ұйымдар ақшаны жылыстату және қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында пайдаланылған. Соның салдарынан мемлекетке 560 833 701 теңге көлемінде залал келтірілген. Бұл шамамен 41,7 миллион тай батына тең.

Осыдан кейін күдікті Қазақстаннан қашып, Таиландқа барып тұрақтаған.

3 қараша күні жедел-тергеу тобына күдіктінің туристер көп шоғырланған Патонг ауданындағы жатақханалардың бірінде жасырынып жүргені туралы ақпарат келіп түседі. Тәртіп сақшылары көрсетілген мекенжайға барып, сыртқы белгілері іздеудегі азаматқа сәйкес келетін шетелдікті бөлмесінде анықтаған. Тексеру барысында оның Интерпол бағдарламасындағы дәл сол күдікті екені толық расталды.

Сонымен қатар оның визалық режимді өрескел бұзғаны анықталды:

  • Ол Таиланд аумағына 2026 жылдың 4 наурызында кірген;
  • Визасының қолданылу мерзімі 2026 жылдың 2 мамырында аяқталған;
  • Құжатты ұзартпай, елде заңсыз жүру мерзімі 185 күнге жеткен.

Қазақстанға экстрадициялау мәселесі

Күдікті бірден қамауға алынды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл деректі ресми түрде растады.

«Пхукет аралында жергілікті құқық қорғау органдары Интерпол желісі бойынша халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан Республикасының азаматын ұстады. Ұстау шарасы ҚР Бас прокуратурасының сұрауы негізінде жүргізілді. Қазіргі уақытта ұсталған азаматты Қазақстанға экстрадициялау мәселесі құзыретті органдармен бірлесіп, белгіленген тәртіпте қарастырылып жатыр», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу