Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Қорғаныс министрлігінен 37 қылмыстық іс шықты

Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Қорғаныс министрлігінен 37 қылмыстық іс шықты
Фото: Ақорда

Каспий теңізінде 14 әскери қызметкер қаза тапқаннан кейін басталған Қорғаныс министрлігін тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталды. Қазір құқық қорғау органдарының қарауында 37 қылмыстық іс бар, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған комиссия тексерудің аралық нәтижесін жариялады. Осы уақытқа дейін Қорғаныс министрлігіне қарасты 104 нысан тексерілген.

Комиссия әскерилердің қауіпсіздігіне, қызмет өткеру жағдайына, тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз етілуіне, медициналық көмектің сапасына және мемлекеттік мүліктің сақталуына назар аударған.

Тексеру кезінде анықталған бірқатар заңбұзушылық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір қылмыстық қудалау органдары 37 істі қарап жатыр. Алайда олардың нақты қандай құқықбұзушылықтарға қатысты екені тергеу мүддесіне байланысты әзірге жарияланбайды.

Сонымен қатар министрліктің бюджет қаражатын қаншалықты тиімді жұмсағанына жүргізіліп жатқан аудит әлі аяқталған жоқ.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы оқиға болған. Каспий теңізінде ауа райы күрт бұзылып, қатты жел салдарынан 17 әскери қызметкер суға кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, қалған 14-і қаза тапты.

Осыдан кейін 26 қыркүйекте президент Қорғаныс министрлігін жан-жақты тексеретін комиссия құрды. Оған Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева жетекшілік етеді. Ал Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов комиссия басшысының орынбасары болып тағайындалған.

Ақорданың мәліметінше, тексеру нәтижесінде әзірленген ұсыныстар Әскери реформа жоспарын жүзеге асыру кезінде де ескеріліп жатыр.

Комиссия жұмысын биыл қараша айында аяқтауы тиіс.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу