Талапкерде үш жасар баланы атпен таптап кеткендер әлі жазаланған жоқ

12.06.2026 11:48 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Талапкерде үш жасар баланы атпен таптап кеткендер әлі жазаланған жоқ
188
Фото: Бейнеден алынған скрин

Астана іргесіндегі Талапкер ауылында көшеде ат жарыстырған жігіттер үш жасар баланы таптап кетті, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға 5 маусым күні кешкі алты шамасында балалар ойнап жүрген көшеде болған. Жас шамасы 20-25-тегі жігіттер елді мекен ішінде атпен жарысып, салдарынан кішкентай бүлдіршін ауыр жарақат алды. Жедел жәрдемге қоңырау шала алмаған ата-анасы баланы ауруханаға өздері жеткізуге мәжбүр болған.

Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінен нейрохирургияға ауыстырылған баланың жағдайы әлі де ауыр. Дәрігерлер оның ұйқы безі мен басына зақым келіп, қолы сынғанын және миы шайқалғанын анықтады. Сонымен қатар жарақат алған бала қатты шок жағдайында жатыр.

Қылмыстық іс қозғалғанымен, баланы жаншып өткен адам ешбір кешірім сұрамастан үйінде жайбарақат жүрген көрінеді. Осыған наразы болған анасы кінәлілердің тиісті жазасын алуын талап етіп отыр.

«Аттың үстіндегі бала менің баламды аттап өтемін деді ме, білмеймін, қалай өтетінін. Баламның бауырын езіп жібереді. Езіп жібергенде, балам айналып түседі. Баламның миы шайқалған, қолы сынған. Кінәлі жазықсыз қалмасын деймін. Көршілер де бар, куәгерлер де бар. Ол кісілер жауап береміз деп отыр», — деді баланың анасы Салтанат Ибраева.

Тәртіп сақшылары аталған дерек бойынша күдіктіні тергеп, толық мән-жайды анықтауға кірісті.

«Қылмыстық іс қозғалды. Бала медициналық мекемеге жеткізілді. Істің мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр», — деді Ақмола облысы полиция департаментінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Әсем Әбдірахманова.

 

Войдите, чтобы оставить комментарий