Талғардағы оқушы қызды зорлау ісі: анасы Президенттен көмек сұрады
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 16 жастағы қызды зорлау ісі бойынша айыпталған 4 адамды ақтап шықты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында топтасып зорлық жасады деген күдікке ілінген азаматтар биылғы 29 қаңтарда кінәсіз деп танылып, сот залынан босатылған. Жәбірленуші Аружанның отбасы үкіммен келіспей мемлекет басшысына, ҰҚК, Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа өтініш-шағым түсіріп отыр.
Жәбірленушінің туыстары оқиғаның 2024 жылғы 8 қазанда болғанын мәлімдеді. Сол күні Аружанның жанына 4 адам мінген көлік тоқтап, оның бірі өзін әскердегі бөлесінің досымын деп таныстырған. Ауылдастары болғандықтан бойжеткен көлікке мінген, алайда олар қызды иен далаға апарып, топтасып зорлық көрсетіп, "отбасыңды жайратамыз, бәрін видеоға түсіріп алдық" деп қорқытқан. Жасөспірім бұл жағдайды 17 қазанға дейін жасырып келген. Анасы Индира Серік қызының томаға-тұйық мінезін ҰБТ алдындағы уайымға балаған. Мектептегі сынып жетекшісі оқушының ауырсынуды басатын дәріні көп ішетінін ескерткеннен кейін ғана отбасы шындықты білген.
Тергеу 2025 жылдың шілдесінде аяқталып, қыркүйекте іс сотқа өткенмен отырыстар бірнеше рет негізсіз кейінге шегерілген. Аружанның анасы іс материалдарымен танысу кезінде сотталушылардың бірінің телефонынан басқа қыздың қатысуымен түсірілген интимдік бейнежазба табылғанын жеткізді. Оның айтуынша, сот барысында айыпталушы телефонның құпия сөзін ұмытып қалғанын айтып жалтарғандықтан бұл айғақ қаралмай қалған. Сонымен қатар күдіктілер алғашқы бейнежауаптарын қысыммен бердік деп мәлімдеген, ал судья бұл уәжді қабыл алып, алғашқы жауаптарды дәлел ретінде есепке алмаған.
Жәбірленуші тарап медициналық сараптама қорытындыларының бір-біріне қайшы келетінін мәлімдеді. Оқиға орнынан алынған жамылғыдан биологиялық сараптама нәтижесінде сперма аралас қан іздері табылғанымен, геномдық сараптама ДНҚ анықталмағанын көрсеткен.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы әрбір сотталушыны 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Дегенмен сот қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты төрт айыпталушыны ақтап шықты.
Жергілікті соттың шешіміне көңілі толмаған және тергеудің әділдігіне күмән келтірген отбасы еліміздің ең жоғары құзырлы органдарынан көмек сұрап отыр.
"2025 жылғы 30 желтоқсанда біз Президент әкімшілігіне, Бас прокуратураға, ҰҚК және Жоғарғы сотқа ресми түрде өтініш-шағым жолдадық. Сот залында судья тарапынан ешқандай ескерту жасалған жоқ. Адвокаттар арсыз, әдепке жатпайтын сұрақтар қойғанда да судья бірде-бір рет оларға тоқтау салмады. Аружан мектепті 2025 жылы бітірді. Биыл ҰБТ тапсыруға дайындалып жүр. Күдіктілермен бір ауылда тұрғандықтан, екі қызымыздың қауіпсіздігі үшін қатты алаңдаймыз. Сақтық шараларын күшейтіп, өзімізді қорғауға мәжбүрміз. Біз сот шешімін қайта қарап, заң мен әділдіктің орнауын, кінәлілердің лайықты жазасын алуын талап етеміз. Істегі бұлтартпас дәлелдердің еленбеуі – күдіктілердің аналары айтқан сөздерді растағандай болады. Олар ашықтан-ашық: "Қомақты қаражат берілді, бүгін алып қайтамыз", "Қазір көресің, сот залында не болатынын" деп бізді мазақ қылған еді", – дейді анасы.
Қазіргі уақытта жасөспірім психолог мамандармен жұмыс істеп жатыр. Ал бұл сот шешімі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қолданушылар судья мен ақталған азаматтардың аты-жөнін жариялауды сұрап отыр. Олар дәлелдердің толық қаралмағанына және мұндай ауыр баппен айыпталғандардың тез босатылғанына наразылық білдіруде. Отбасы Алматы облыстық сотына апелляция берген.
Соңғы жаңалықтар