«Тальго» пойызындағы зорлау ісі бойынша сот шешімі шықты

«Жолаушылар тасымалы» компаниясы «Тальго» пойызында зорлық көрген жәбірленушіге 3 млн теңге өтемақы төлейді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Астана қаласы Ауданаралық азаматтық істер соты жәбірленушінің моральдық өтемақы туралы талап-арызын қарастырып, «Жолаушылар тасымалы» компаниясынан 3 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
«Сот шешімі бойынша, компания жәбірленушіге 3 млн теңге моральдық өтемақы, сондай-ақ 350 мың теңге адвокаттық шығын төлеуге міндеттелді. Талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырылмады», – делінген соттың шешімінде.
Оқиға 2018 жылдың қыркүйегінде орын алған. Актөбе облысының 35 жастағы тұрғыны ғылыми конференциядан қайтып келе жатқан кезде, пойыздың екі жолсерігі оны купеде зорлаған.
Сот Жетеса Өмбетәлиев пен Қолқанат Құрманиязовты бастапқыда 2,5 жылға бас бостандығынан айырды, алайда апелляциялық сот олардың жазасын 5 жылға ұзартты.
2024 жылдың маусым айында олардың бостандыққа шыққаны белгілі болды.
Жәбірленуші соттың шешіміне апелляциялық шағым түсіре алады.
Соңғы жаңалықтар





