"Талып қалғанша ұрады". Әйел педофилге тұрмысқа шыққанын білмеген
Сая есімді екі баланың анасы басынан өткен жантүршігерлік оқиғасын айтып берді. Екінші рет тұрмыс құрған келіншек күйеуінің педофил екенін білмеген. Ер азаматы бірінші некедегі қызына зомбылық көрсеткен, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол тележүргізуші Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында айтты.
«Мен педофилге күйеуге шыққан адаммын. Бақыт іздеген едім, бірақ бақытым осылай педофилге кезігумен аяқталады деп мүлде ойламадым. Алғашқы некем сәтсіз болып, ол тұрмысымнан бір қыз босандым. Кейін «әйел адам бақытты болуға лайықты ғой» деп бақытымды табу үмітімен екінші рет тұрмысқа шықтым. Басында ол жақсы жігіт болды. Алғашқы алты айда бәрі керемет еді: жұмыс істеп, бірге жүрдік. Алты ай өткен соң, ол ішімдікке салынды. Себепсіз қызғанып, мені ұрып-соғатынды шығарды. Одан аяғым ауырлап, екіқабат болған соң ажыраса алмай, амалсыздан бірге тұра бердім. Бала босанғаннан кейін де бұл сұмдық күнде қайталанды. Ол тоқтаусыз ішіп, мас болып келетін. Мұнысымен қоймай, ауылға барғанда да мені таяқтың астына алатын. Соққыдан талып қалғанша ұрып, денемді қан-жоса ететін. Содан соң төркініме, анама қоңырау шалып: «Келіп, алып кетіңдер» дейтін. Ағаларым келіп, мені үйге алып кететін. Алайда, сәлден соң оның өзі мен туыстары келіп, кешірім сұрап, мені қайтадан алып кететін. Осылайша шыдап жүре беріппін», — деді Сая.
Ары қарай ол екінші күйеуі мен бірінші некедегі қызының қарым-қатынасы туралы сөз қозғады. Сондай-ақ үшінші перзентінен айырылып қалғанын айтты.
«COVID пандемиясы кезінде оның анасы бізді үйден қуып шықты. Өйткені туыстары ажырасып, оның өзі де қатты ішіп кеткен еді. Ол уақытта мен үшінші баламды босанған болатынмын, бірақ сәбиім шетінеп кетті. Мен тұрмысқа шыққанда қызым үш жаста болатын. Басында өз қызындай қабылдап, жақсы қарады. Мен оған: «Егер қызыммен тіл табыса алмасаң, қарым-қатынасымызды жалғастырмаймын» деген едім. Ол қызыма ойыншықтар әкеліп беріп, өте жақсы қарады. «Доча, доча» деп айналып-толғанатын. Оған «Әкең командировкаға кетіп еді, енді оралды» деп айтып, екеуін таныстырған едім. Қызым да оны «папа» деп кетті», — деді әйел.
Күйеуі отбасын құрған соң көп ұзамай Саяны соққыға жығуды әдетке айналдырған. Әсіресе, қызғанышты себеп қылып қол көтеруін тоқтатпаған.
«Ол тамақты жақсы пісіретін. Қызымнан не жегісі келетінін сұрап, ас дайындап беретін. Басында ара-қатынастары өте жақсы болды, қызым мойнына асылып жүретін. Бірде «Әкең командировкадан келді» деп таныстырдым. Қарым-қатынастары жақсы еді. Кейіннен, анасы бізді үйден қуып шықан соң, жалдамалы пәтерге көштік. Тұрмыс тауқыметі көбейді. Ол ішімдікке салынып, ақша тапшы болды. Сондықтан екеуіміз тойларға барып жұмыс істедік, қияр мен құлпынай саттық. Өйткені өмір сүру керек болды. Мектептер онлайн форматқа көшер алдында мен мектепке аспаз болып жұмысқа орналастым. Сол кезде оған: «Бұл саған берілген соңғы мүмкіндік, шаршадым, кетемін» деп жиі айтатынмын. Себебі ол мені соққыға жығуын қоймады. Мектепте жүргенде де сәл кешіксем немесе біреу тиіп кетсе, бірден ұратын», — деді әйел.
Мұнымен қатар, Сая күйеуінің қызына қашан тиісе бастағанын тілге тиек етті. Бұл жағдай туралы білген соң, келіншек балаларын алып, басқа ауылға көшіп кеткен.
«О баста ол «ішпеймін» деп кодировка жасатқан соң, жұмыс істемей үйде отырды. Мен ол ішіп қоймасын деп 10 күндей қасында болдым. Содан кейін ол отын жарып, сатумен айналыса бастады. Ол кезде мен балаларға дұрыс көңіл бөле де алмадым, таңнан кешке дейін жұмыста болдым. Кіші сыныптар онлайн оқығандықтан, екі қызым үйде, мен жұмыста болатынмын. Ақпан айында кодировка жасатса, наурыз айында ол қызыма тиісе бастапты... Ол кезде қызымның 8-ден 9 жасқа қараған шағы еді. Тұрмыс құрғанымызға 5 жыл болғанда осы жағдай болды. Басында іш киімін, көкірегін, денесінің төменгі бөліктерін ұстап, сүйген. Қызымның маған айтуы бойынша, ол: «Мама, мен әкелер қыздарын осылай еркелетеді екен деп ойлап, мән бермеппін» дейді. Мұны кейін білдім. Қызымның айтып отырғаны — пандемия кезінде, 4-сыныпта оқып жүргенде болған оқиғалар екен. Содан кейін біз ол ауылдан басқа жаққа көшіп кеттік», — деді Сая.
Соңғы жаңалықтар