Танымал қазақстандық әншінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

16.09.2026 09:31 Әсел МҰРАТ
Танымал  қазақстандық әншінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
301
Фото: ашық дереккөз

Алматы полициясы ер адамның жарақат алуына байланысты Qurt лақап атымен белгілі Дамир Қойшыбаевтың үстінен іс қозғады, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желідегі мәлімет бойынша, оқиға 30-нан 31 тамызға қараған түні болған. Сол күні шешендік өнер курсының сабағынан кейін бір топ студент оқытушыларымен бірге барға барған. Олардың арасында рэпер де таныстарымен бірге болған.

Жәбірленушінің ортасы таратқан мәліметке сай, ол сол түні шешендік өнер курсындағы тобымен бірге барда отырған. Ал рэпер бөлек компаниямен келген және тараптар бұған дейін бір-бірін танымаған.

Кейін бұйра шашқа қатысты айтылған әзіл дауға ұласып, Qurt жәбірленушіге тиісе бастаған. Артынша кикілжің сыртта жалғасып, рэпер қарсыласын кенеттен ұрып, асфальтқа құлатқан. Мұнымен қоймай, сынған бөтелкемен мойнына шабуылдамақ болған.

Жәбірленуші мойнына бағытталған соққыдан жалтарып үлгергенімен, шыны сынығы бетін тіліп өткен. Ауыр соққылар салдарынан оның миы шайқалып, ерні тігілген әрі денесінің сау-тамтығы қалмаған. Оқиғаға куә болғандар араша түскен сәтте рэпер қашып үлгерген, ал соққыға жығылған азамат жедел жәрдем шақырып, ауруханаға түскен. Қазір ол ем қабылдап жатыр.

Медеу аудандық полиция басқармасы бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталды.

«Оларды ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы полиция бөлімінің басшылығының бақылауында»,  – деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Войдите, чтобы оставить комментарий