Таразда екі полиция қызметкері тәркіленген қарудың заңсыз сатылымымен айналысты деген күдікке ілінді

Таразда екі полиция қызметкері тәркіленген қарудың заңсыз сатылымымен айналысты деген күдікке ілінді
Фото: Politico.kz

Таразда полицейлердің өздері қару сатты деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Politico.kz ақпарат агенттігі “Halyqstan” Telegram арнасына сілтемемен.

Таразда екі полиция қызметкері қызметтік өкілеттігін пайдаланып, тәркіленген қаруды заңсыз сатты деген күдікпен ұсталды. Бұл іске қатысты назар аударарлығы – күдіктілердің қару айналымын бақылауға жауапты бөлімде жұмыс істегені.

Белгілі болғандай, олардың бірі қалалық полиция басқармасында, екіншісі №2 полиция бөлімінде қызмет атқарған. Екеуі де лицензиялық-рұқсат беру жүйесіне қарасты болған.

Аталған бөлім қызметкерлері азаматтардың қару сақтауына, оны сатып алуына және тіркеуіне қатысты рұқсаттарды рәсімдейді. Сондай-ақ тәркіленген немесе ерікті түрде тапсырылған қарудың есебін жүргізу мен сақталуына бақылау жасайды.

Осыған байланысты тергеу алдында бірнеше маңызды мәселе тұр. Атап айтқанда, тәркіленген қару қайдан алынған, оны сатуға кімдер қатысқан және мемлекеттік есептегі мәліметтерге өзгеріс енгізілген бе деген сұрақтарға жауап ізделеді. Заңсыз сатылған қарудың саны мен оны сатып алған адамдар да анықталуы тиіс.

Бұған дейін Алматыда да осыған ұқсас оқиға болған. Былтыр мамырда үш полиция қызметкері жоюға жіберілуі керек қаруды ұрлап, оны заңсыз саудалағаны үшін сотталған еді. Олар қару қоймасынан алып шыққан заттарды сатқаннан кейін, құжаттарға қару-жарақ жойылды деген жалған ақпарат енгізген.

Сот материалдарында 50-ге жуық қару мен оқ-дәрі туралы айтылған. Олардың қатарында Калашников автоматтары, Макаров тапаншалары, винтовкалар мен гранаталар болған. Іске қатысы бар полицейлер бес жарым жылдан сегіз жылға дейін сотталды.

Тараздағы қазіргі оқиғаның Алматыдағы іске қаншалықты ұқсас екені әзірге белгісіз. Тергеу нәтижесінде қарудың заңсыз айналымға қалай түскені және оған кімдердің қатысы бар екені анықталуы керек. Күдіктілердің кінәсі сот шешімімен анықталады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу