Танымал жазушы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы өмірден өтті
Әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы, қоғам қайраткері Роза Айтматова 89 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Қаралы хабарды Шыңғыс Айтматов атындағы қордың Instagram парақшасында жарияланды.
«89 жасында Роза Айтматова өмірден өтті. Роза Төреқұлқызының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады», – делінген қордың хабарламасында.
Роза Айтматова физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қырғызстанның еңбек сіңірген білім беру қызметкері әрі қоғам қайраткері болған.
Ол Маяковский атындағы Қырғыз әйелдер педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын Қырғыз КСР Ғылым академиясында ғылыми қызметкер болып бастап, кейін жоғары оқу орнында сабақ берген. Физика және педагогика салалары бойынша ғылыми еңбектер жазған.
Роза Айтматова отбасының тарихын сақтауға да ерекше көңіл бөлген. Ол жиені Асан Ахматовпен бірге «Тарихтың ақ парақтары» атты кітап жазған. Еңбекте 1930 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған әкелері Төреқұл Айтматовтың өмірі мен қызметі, сондай-ақ Шыңғыс Айтматовтың балалық шағы баяндалады.
Роза Төреқұлқызы өмірінің едәуір бөлігін әйелдер құқығын қорғауға арнаған. 1996 жылы әріптестерімен бірге «Әйелдерге көмек көрсету орталығы» қоғамдық ұйымын құрған.
Соңғы жаңалықтар