"Көңілдесінің әйелі мен қызын өлтірген": 29 жастағы әйелге сот үкімі шықты

Фото: видеодан скриншот

Өзбекстанның Ширин қаласында көңілдесінің заңды әйелі мен оның кәмелетке толмаған қызын асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген 29 жастағы әйелге сот үкімі кесілді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға 29 сәуір күні болған. «Миллий» телеарнасының хабарлауынша, сотталушы ер адамның ресми отбасы барын біле тұра, онымен алты жыл бойы діни некеде тұрып келген. Алайда олардың арасында жиі ұрыс-керіс туындаған. Әйел заңды жұбайының бала босанғанына наразы болса, көңілдесі оның бала көтеруіне рұқсат бермеген.

Кезекті жанжалдан соң асүй пышағын алып, ер адамның үйіне барған ол отбасына шабуыл жасаған. Салдарынан ер адамның заңды әйеліне 9 рет, 6 жасар үлкен қызына 2 рет пышақ тиіп, екеуі де оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ал пышақ жарақатын алған 3 жасар бүлдіршін ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, аман қалды.

Ширин қалалық соты 29 жастағы айыпталушыны адам өлтіру және бала өлтіруге оқталу баптары бойынша кінәлі деп танып, оған 13 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу