Таразда әкімнің экс-орынбасары парақор болып шықты

Таразда әкімнің экс-орынбасары парақор болып шықты
12.05.2025 18:15
0
94
Фото: freepik.com

Құрылыс саласындағы жемқорлық фактісі бойынша үкім шықты. Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрбол Қалдыбаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Orda.kzсайтына сілтеме жасап. 

Қалдыбаевпен бірге сотталушылар орындығында мердігер ұйымның өкілі де отырды. Ол алаяқтық бабы бойынша алты жылға сотталды. Тергеу мәліметінше, 2022 жылдың шілдесінен 2023 жылдың қарашасына дейін Қалдыбаев құрылыс және ТКШ салаларын қадағалай отырып, бірқатар өрескел заңбұзушылықтарға жол берген.

Атап айтқанда, Тараздағы жаңа «Ұлы Дала» тұрғын үй ауданында құрылысы толық аяқталмаған екі көпқабатты үй пайдалануға берілген. Бұл нысандарға бюджеттен 1,2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Алғашында Қалдыбаевқа мүлікті иемдену және ысырап ету айыптары тағылған. Алайда тергеу барысында бұл айып қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бабына ауыстырылды. Келтірілген шығын 137 миллион теңге болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қалдыбаевты отставкаға кеткеннен үш апта өткен соң, 2023 жылғы 11 желтоқсанда ұстаған. Сотта Қалдыбаев өз кінәсін мойындамады. Алайда мердігер Қалдыбаевтың үйлердің нақты жағдайынан хабардар болғанын және жалған қабылдау актілеріне қол қойғанын растады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий