Тарихшы: Ет асу — тек қазақтың ұлттық тағамы емес
Жошы Ұлысының тарихын зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл Алтын Орда мұрасы мен Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени тамырластығы туралы ой бөлісті. Тарихшы өз сөзінде аймақтағы этностардың шаруашылық жүргізу салты, ұлттық астары мен тұрмыстық дәстүрлеріндегі ортақ белгілерді сарапқа салады. Ғалымның айтуынша, бұл ұқсастықтар мемлекеттік шекаралардан емес, ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ тарихи кеңістіктен бастау алады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы тарихшы Qalam Tarih арнасына берген сұқбатында айтты.
Тарихи зерттеулер Орталық Азиядағы халықтардың мәдени жақындығы ең алдымен олардың экономикалық шаруашылық түріне байланысты қалыптасқанын көрсетеді. Көшпелі немесе отырықшы өмір салтын ұстанған этностардың арасында шұғыл мәдени немесе тұрмыстық айырмашылықтар болған жоқ. Осылайша шаруашылық жүргізу жүйесі аймақтағы халықтардың рухани әрі материалдық мәдениетінің біртұтас негізін қалады.
«Қазірдің өзінде өте жақын. Мысалы, ол көбіне тұрып жатқан мемлекетпен байланысты болған жоқ, өзінің экономикалық шаруашылығымен байланысты болды. Көшпелі, мысалы, көшпелі ноғай, көшпелі қарақалпақ, көшпелі қазақ — айырмашылығы жоқ. Отырықшы қазақ, отырықшы қарақалпақ, отырықшы өзбек — мәдениетінде де айырмашылық жоқ», — деді Еркін Әбіл.
Сонымен бірге тарихшы Алтын Орда кезеңінен жеткен материалдық мұралардың бірі ретінде ортақ ұлттық тағамдарды атап өтті. Ет асу мен нан пісірудің белгілі бір формалары тек қазақ халқына емес, бұрынғы ұлыс құрамында болған өзге де этностарға кеңінен таралған. Ғалым бұл тағам түрлерінің Кавказ бен Еділ бойы халықтарында да сақталуын ортақ тарихи кеңістіктің айғағы ретінде түсіндіреді.
«Бізде бүгінгі күнге дейін тұтас, мысалы, Алтын Ордалық тағамдар бар. Біз оны өзімізде сөзсіз «тек қана қазақта бар» деп ойлаймыз. Солай ғой, мысалы, ет асу. «Бешбармақ» деген татардың сөзін пайдаланып жүрміз. Ол — татардың, башқұрттың сөзі. Біз «ет» дейміз. Бірақ осы тек қана қазақтыкі емес, жалпы Алтын Ордаға кірген халықтардың бәрінде осындай формада бар. Кавказда оны «хинкал», «инкал» дейді. Онда нанды пісіреді, етті пісіреді, сол сорпаға нанды асып, сосын нанның үстіне сол етті турайды. Осы формада, мысалы, бүкіл Кавказда бар, татарда бар, башқұртта бар, қазақта бар — бұл Алтын Орданың ортақ тағамы. Әрине, оның аймақтық ерекшеліктері бар, бірақ қазақтың өзінде де іштей ерекшеліктер кездеседі», — деді Еркін Әбіл.
Бұдан бөлек отбасылық-тұрмыстық дәстүрлер мен туыстық қатынастарға қатысты ұғымдар да халықтар арасында жоғары деңгейде сақталған. Құда түсу, жар-жар айту сияқты ғұрыптар мен оған қатысты лексикалық терминдер аймақ халықтарының тілдік және этнографиялық жақындығын дәлелдейді. Сондай-ақ көшпелі шаруашылықты қатар жүргізген ноғай, қарақалпақ және қазақ халықтарының тарихи тамыры ең жақын туыстас этностар болып саналады.
«Дәстүрлері де өте жақын. Құда түсу дәстүрлері, онымен байланысты сөздер де өте жақын: «келін», «құда», «нағашы жұрт», «жиен» деген сөздер. Мына тұрмыстық терминдер бүгінгі күнге дейін өте жақсы сақталған, бүкіл этнографтар оны жақсы біледі. Әсіресе осындай шаруашылық жүргізген халықтарға өте жақын. Мына жар-жар айту, мысалы, Ноғайда да, Өзбекте де бар. Сол Алтын Орда кезінде қалыптасып қалған. Оларды бір-бірінен бөлу өте қиын. Бірақ ең жақыны — сол көшпелі шаруашылықпен айналысқан халықтар. Орташа алғанда, таза көшпелі халықтар жоқ, орташа алғанда, сол ноғайлар, қазіргі кезде Ноғай Ордасы деп атайтын кезіндегі Маңғыт жұрты. Сол Маңғыт жұрты, ноғайлар мен қарақалпақтар — бізге ең жақыны», — деді Еркін Әбіл.
Соңғы жаңалықтар