«Тәуелсіздікті қорғауға қатысты барлық мәселе шешілген жоқ»: Тоқаев
Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға қатысты мәселелер әлі толық шешілген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы әлемдегі жағдайдың күрделеніп бара жатқанын айтып, ел ішіндегі бірлік пен тәртіптің маңызына тоқталды.
– Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз, – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, алдағы міндеттерді орындау үшін ең алдымен қоғамдағы татулықты сақтау қажет. Өйткені ел ішінде келісім болмаса, қолға алынған реформалар да нәтиже бермейді.
– Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі халықаралық жағдайға да тоқталды. Оның сөзінше, әлемдегі алпауыт мемлекеттердің арасында сенім азайып, өзара текетірес күшейген. Мұндай жағдайда Қазақстан қоғамында тәртіп пен жауапкершілікке ерекше мән берілуі керек.
– Қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алған кезде қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет. Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы көші-қон мәселесін де көтерді. Ол Еуропадағы жағдайды мысалға алып, бақылаусыз көші-қон ел қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін айтты.
– Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті, – деді Президент.
Тоқаев халықаралық ұйымдардың ықпалы әлсіреп бара жатыр деп есептейді. Атап айтқанда, ол Біріккен Ұлттар Ұйымының беделіне және халықаралық құқықтың қазіргі жағдайына назар аударды.
– Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Президент әлемдегі қазіргі ахуалды «қырғи-қабақ соғыс» кезеңімен де салыстырды. Оның пікірінше, бүгінгі халықаралық жағдай бұрынғыдан әлдеқайда күрделі әрі болашағын болжау қиын.
– Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және алдағы мақсат-міндеттер туралы да сөз қозғайтынын айтты.
Соңғы жаңалықтар