«Телефон кірпішке айналды»: Beeline қолданушылары интернетсіз отыр
Beeline және IZI ұялы байланыс операторларының пайдаланушылары бірнеше күннен бері интернетсіз және байланыссыз отыр. Әлеуметтік желілерде жүйенің істен шығуына қатысты шағымдар көбейді, деп хабарлайды Politico.kz.
Абоненттер наразылығын негізінен Threads желісінде жазып жатыр. Адамдардың сөзіне қарағанда байланыс пен интернет мүлдем жоқ. Кейбірі тіпті телефонының кірпішке айналғанын айтты.

Оған қоса абоненттер шотында ақша болса да тариф төлемі ұсталмай тұр. Қоңырау шалу орталығы тұтқаны қоя салады.

Ал Janymda қосымшасы мүлдем істемей тұр. 18 тамыздағы жағдай бойынша қосымша әлі ашылған жоқ. Тұтынушылар интернетке мүлдем кіре алмай отыр.

Бұл ақаулар Beeline Қазақстан компаниясына тиесілі IZI операторының пайдаланушыларында да байқалды. Бұған дейін аталған операторлар 15-17 тамыз аралығында жүйені жоспарлы түрде жаңартатынын хабарлаған болатын. Бұл желінің тұрақты жұмыс істеуі мен сервисті жақсарту үшін қажет стандартты процесс екені айтылды. Алайда 17 тамыздан бастап жұмыс істеуі тиіс байланыс орталықтары мен қосымшалар әлі қалыпқа келген жоқ.
Наразылыққа жауап ретінде Beeline өкілдері Threads желісінде абоненттердің барлығына бірдей мәтінмен жауап беріп жатыр.
«Жүйелерді жаңартуды аяқтауға жоспарланғаннан сәл көбірек уақыт қажет болды. Қазір жұмыстар жалғасып жатыр. Мамандар барлық сервисті әдеттегі режимге мүмкіндігінше тезірек қайтару үшін қажетті жұмыстарды жүргізуде. Жұмыстар толық аяқталғанға дейін қосымша мен сайт уақытша қолжетімсіз болады, ал кейбір операцияларға шектеу қойылуы мүмкін», – деп жазды компания.
Politico.kz осы мәселенің нақты себебін білу үшін операторға сауал жолдады. Материал жарияланған сәтте ресми жауап түскен жоқ.
Соңғы жаңалықтар