"Теміржолды бөліп-бөліп сатып жіберген". Асылбеков активтерді шетелдіктерге беру саясатын сынады

07.09.2026 12:57 Томирис САҒЫНДЫҚ
90
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қоғам белсендісі Асхат Асылбеков елдегі парлементаризм реформасы, мемлекеттік капитализмнің үлесі және ұлттық өнеркәсіпті жекешелендірудің салдары туралы өз пайымын білдірді. Оның пікірінше, отандық экономикалық модель нарықтық заңдылықтардан гөрі мемлекеттік қолдауға көбірек арқа сүйейді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Асхат Асылбеков "Қасқа жол" арнасындағы сұқбатында әңгімеледі.

«Парламентке, оның ішінде екі палаталы жүйеге де талай сын айтылды. Бірақ бұл жүйе екі адамның жеке бас жауапкершілігі болса да, ол жүйе болғандықтан, тек соларды ғана кінәлі деп айта алмаймын», — деді Асхат Асылбеков.

Сарапшы саяси басшылық тарапынан ұсынылған сараптамалық бастамаларға тоқтала отырып, Қазақстан экономикасының қазіргі сипатына баға берді. Оның айтуынша, елде классикалық еркін нарықтан гөрі мемлекеттің тікелей араласуымен сипатталатын модель қалыптасқан.

«Мәулен Әшімбаев талдау жасап, бағдарлама ашып, белгілі экономистермен, вице-премьер Жұманғаринмен және басқа да мамандармен бірнеше сұқбат пен подкаст өткізді. Барлық кездесу өте маңызды, сұрақтар өткір болды. Ол талдауда айтылған пікірлер өте құнды деп ойлаймын. Мәуленнің жеке пікірін бір жағынан қолдаймын. Бізде мемлекеттік капитализм бар. Кейнсиандық теория бойынша, таза капитализм болса, мемлекет нарыққа араласпайды, бәрін нарықтың өзі шешуі керек: кім әлсіз, кім мықты — оны нарық көрсетеді. Бірақ Қазақстанда және басқа да мемлекеттерде нарықтық экономика болғанымен, мемлекеттің рөлі өте жоғары. Мемлекеттік тендерлер арқылы экономикаға миллиардтаған қаражат құйылады. Соның арқасында мұнай, теміржол, энергетика, тіпті ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялар арқылы компанияларға көмек пен ықпал жасалады. Бұл — шындық. Сол себепті біздің экономикамыз мемлекеттік капитализмге өте жақын», — деді саясаткер.

Сонымен бірге спикер негізгі инфрақұрылымдық және өндірістік активтерді жеке секторға немесе шетелдік инвесторларға беру саясатын сынға алды. Ол негізгі салалардың мемлекет бақылауында болуы елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі екенін атап өтті.

«Мен өзім солшылмын. Менің ойымша, энергетика, теміржол, мұнай және тау-кен саласы сияқты кейбір стратегиялық бағыттар тек мемлекеттің меншігінде болуы керек. Өкінішке қарай, қазір мұнай, тау-кен, тіпті теміржол саласында да жеке және шетелдік компаниялар көп. Тіпті, біздің теміржолды да бөліп-бөліп сатып жіберді. Бұларды жеке меншікке беру туралы бастамалар — дұрыс емес», — деді Асхат Асылбеков.

Войдите, чтобы оставить комментарий